Қазақстанда заманауи деңгейдегі туристік өнімдер жоққа тән - Мәжіліс депутаты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның географиялық бет-бедері кез келген шетелдік мейманды тамсандырғанымен, еліміздегі ішкі туризмнің ахуалы мәз емес.
Ішкі туризмнің өткір мәселелеріне қатысты ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Павел Казанцев пікірін білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Туризмге қатысты мәселелерді төрт сегментте жіктеп алдық. Бүгінгі жиында мемлекеттік органдар мен сарапшылар бірлестігін сөйлеткіміз келеді. Ең басты мәселелердің бірі - заманауи деңгейдегі туристік өнімдердің жоқтығы. Бұл ретте біздің туристік ахуал өте аянышты жағдайда. Бұған қоса инфрақұрылымның жағдайы мәз емес. Бір ғана мысал - бізде жолдың бойында дәретханалар жоқ. Қонақтарды қабылдайтын нысандарға жөндеу жүргізілмеген. Үшінші мысалы - кадрлық мәселе мен заңнамалық сұрақтар. Заңнамалық сұрақтарға біз ерекше маңыз беріп отырмыз», - дейді Павел Казанцев «Нұр Отан» партиясы жанындағы Әлеуметтік кеңес пен ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің бірлескен отырысында.
Депутаттың айтуынша, Қазақстанда географиялық тұрғыда ешқандай мін жоқ.
«Бізде барлық геогорафиялық аумақтар, ландшафтық, таулы, сулы өңірлер баршылық. Келесі жылдың басында туризмді дамыту туралы заң құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы осында (Мәжіліске - авт) енетінін атап өткім келеді», - дейді депутат.
Павел Казанцев көптеген елдердің экономикасының драйвері болып отырған ішкі туризмнің дамуы біздің елде жеткілікті дәрежеде еместігін алға тартты.
«Президент туризмнің ЖІӨ-дегі үлесін 2025 жылға дейін 10 пайызға жеткізуді тапсырып отыр. Қазіргі уақытта ЖІӨ-дегі ішкі туризмнің үлесі 1 пайыз ғана. Менің ойымша, ішкі туризмнің көрсеткіші бұдан да аз секілді», - деп түйді Павел Казанцев.