Қазақстанда заң бұзған жер қойнауын пайдаланушылардан 61 лицензия қайтарып алынды
АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет Президент Жолдауында айтылған «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыра отырып, жер қойнауын пайдалану саласындағы келісімшарттық міндеттемелердің орындалуын бақылауды күшейтуде.
Мониторинг нәтижесінде жосықсыз пайдаланушыларға қатысты қатаң шаралар қабылданды: 37 келісімшарт бұзылып, 61 лицензияның күші жойылды.
Жүргізілген тексерулердің қорытындысы бойынша заң бұзған компанияларға жалпы сомасы 910 млн теңге болатын тұрақсыздық айыппұлы салынды. Сонымен бірге Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, еліміздің төрт өңірінде пайдалы қазбаларды заңсыз өндірудің жолы кесілді.
- Бұл жұмыс жүйелі сипатқа ие. Үшінші тоқсанда бұзушылықтар туралы тағы 350 хабарлама жолдау және 65 көшпелі тексеру жүргізу жоспарланып отыр, – делінген ведомство мәліметінде.
Саладағы тәртіпті қалпына келтіру рәсімдердің ашықтығын арттырумен қатар жүргізілуде. 41 жер қойнауы учаскесі бойынша өткен үш электронды аукцион бюджетке қол қою бонустары ретінде 27,8 млрд теңге түсірді. Сонымен қатар заңнамаларды жетілдіру және процестерді цифрландыру жұмыстары жалғасуда.
Айта кетейік, биыл жер қойнауын пайдаланушылармен 901 млрд теңгеге 551 келісімшарт жасалды.