Қазақстанда заңгерлер тегін көмек көрсетпек
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Әділет министрлігі әлеуметтік заңгерлік көмекті кешенді түрде енгізуді ұсынып отыр. Бұл туралы Мәжілісте ҚР Әділет министрінің орынбасары Жанат Ешмағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Заң жобасында кешенді әлеуметтік заңгерлік көмек деген атаумен pro bono бастамасымен көмек көрсету қарастырылған.
«Қазақстан pro bono-ны енгізу әлеуметтік әрі қаржылық қиын жағдайға тап болған азаматтарға заңгерлік қолдау жасауға мүмкіндік береді. Осы орайда, адвокаттар немесе заң консультанттарынан мұндай көмек алу үздік әлемдік тәжірибеге сай келіп отыр. Осындай көмекті ұсыну тараптардың ерікті келісіміне негізделеді және жалпы ереже бойынша ақысыз болады», - деді Ешмағамбетов «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заң жобасын таныстыру барысында.
Оның сөзіне қарағанда, аталған қызметті көрсету көлемі мен тәртібін заң консультанттары палаталарымен және Республикалық адвокаттар алқасымен өз еркімен бекітіледі.
Бұл жүйе АҚШ, Франция және басқа елдерде кеңінен тараған. Осы орайда бюджеттен өтеусіз түрде тегін заң көмегін заңгерлер тарапынан барынша көрсетуді қарастырады. Бұл шараларды Қазақстанда енгізу азаматтардың сот төрелігіне қол жетімдігін нығайтады, сондай-ақ құқықтық жауапкершілік пен заңгерлік сауаттылықты арттыруға ықпал етеді.