Қазақстанда заңсыз қоқыс полигондарының 93%-ы жойылды

АСТАНА. KAZINFORM – Жыл басынан бері Қазақстанда 2 817 рұқсат етілмеген қоқыс полигоны анықталып, оның 2 647-сі жойылды. Бұл – жалпы анықталған орындардың 93%-ы, деп хабарлайды ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.

БҚО-да аудан орталығы отыз жыл жиналмаған қоқыстан тазартылды
Фото: Kazinform\ЖИ

Министрліктің мәліметінше, заңсыз қоқыс орындарын анықтау және жою жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл бағытта министрлік «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, 2018 жылдан бері ғарыштық мониторинг жүргізіп жатыр.

Жергілікті жерлерде де бақылау күшейтілген. Жыл басынан бері полиция бөлімшелерімен, жергілікті атқарушы органдармен және экоактивистермен бірлесіп 900-ден астам мобильді топ құрылған. Олар 58 мыңнан астам рейд өткізді.

Тексеру нәтижесінде 177 800 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 738,9 млн теңгені құрады.

Министрлік заңсыз қоқыс полигондарының саны азайып келе жатқанын атап өтті. Мәселен, 2018 жылы 8 680 рұқсат етілмеген қоқыс орны анықталса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 2 817-ге дейін төмендеген.

-Тұрақты бақылау, жүйелі жұмыс және әр азаматтың жеке жауапкершілігі елді мекендердің тазалығын сақтауға ықпал етеді. Қоршаған ортаны қорғау әр адамның оған жауапкершілікпен қарауынан басталады,-делінген хабарламада.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, ШҚО-да көшеге қоқыс тастағандар 31 млн теңге айыппұл арқалап, 3 мың сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылды.