Қазақстанда заңсыз арақ жасаушылар көбейді - Мемлекеттік кірістер комитеті

Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Ардақ Теңгебаевтың айтуынша, бұл көрсеткіш былтыр 6 миллионды құраған.
"Акцизделетін өнімнің заңсыз айналымын анықтау мақсатында Мемлекеттік кірістер комитеті алкоголь өнімдерінің сатылымына рейд жүргізді. Нәтижесінде алкоголь өнімдерін өндіру бойынша 44 жасырын цех қызметіне тосқауыл қойылды, 4 миллионнан астам жалған есепке алу-бақылау маркалары тәркіленді. Осылайша, тағы 4 млн заңсыз арақтың сатылуына жол бермедік", - деді Ардақ Теңгебаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен бірге, барлық этил спирті мен арақ өндірушілеріне тексеру жүргізіліп, акциздер мен айыппұлдар бойынша 200 миллион теңгеден астам қаражат есеп алынған. 203 қылмыстық іс қозғалып, мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталған.
"Алкоголь өнімдерін сатушылар арасында ең көп тараған құқықбұзушылықтар - көтерме және бөлшек саудаға лицензияның болмауы, заңмен бекітілген ілеспе құжаттарды рәсімдемеу және жалған есепке алу-бақылау маркаларымен заңсыз алкоголь өнімдерін шығару", - деп түсіндірді Ардақ Теңгебаев.
Сондай-ақ, комитет төрағасы арнайы мобильді қосымша арқылы алкоголь өнімдерінің сапасын тексеру мүмкіндігін еске салды. Этикеткаларды сканерлеуге арналған WIPON қосымшасы арқылы акциздік марканы сканерлеп, өнім туралы мәліметтерді көруге болады .