Қазақстанда «Зерен-2019» жас кәсіпкерлер лагерінің алғашқы маусымы басталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда «Зерен-2019» жас кәсіпкерлер лагерінің алғашқы маусымы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Зерен-2019» республикалық танымдық жастар жазғы лагері ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылып, Қазақстанда Жастар жылын өткізу бойынша Жол картасы шеңберінде жүзеге асырылуда.

«Зерен-2019» республикалық танымдық жастар жазғы лагері 4 шілдеде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы ісі комитетінің төрағасы Мадияр Қожахметтің жетекшілігімен салтанатты түрде ашылды. Сонымен қатар, ашылу салтанатына Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мүсірәлімова мен Зеренді ауданының әкімі Берікжан Әбутәлiпов қатысты. Лагерьдің мақсаты - жастарды Қазақстанның барлық өңірінде нақты іске асатын, орнықты, әлеуметтік бағыттағы бизнес жобаларды жүзеге асыруды үйрету болып табылады. Лагерь жастардың өзін өзі көрсетуіне көмектесіп, жастардың, соның ішінде ауыл жастарының экономикалық және әлеуметтік сатыларға қол жеткізуіне көмектесу үшін ашылған.

«Бүгін біз еліміздің ең көрікті жерінде көптен күткен, ең ауқымды «Зерен-2019» жобасын бірге бастау үшін жиналдық. Сіздерді қызықты оқу үдерісіне толы күндер, ең бастысы - өз болашақтарыңызға қарай қадам жасау мүмкіндігі күтіп тұр! Лагерьде сіздерге жол көрсетіп, қай бағытта әрекет ету керек екеніне жол сілтейтін тәлімгерлермен, бизнес-спикерлермен емін-еркін араласа алуларыңыз үшін барлық жағдай жасалған. Сәттілік тілеймін!», - деп Мадияр Қожахмет алғашқы сөзінде атап өтті.

Ұйымдастырушылардың деректеріне сүйенсек, лагерьге қатысу мүмкіндігі 18 бен 29 жас аралығындағы Қазақстанның кез келген азаматына және ТМД-ның әр елінен 5 қатысушыға берілген. Лагерь үш маусымға бөлінген. Әр маусымда 200 қатысушыдан болады. «Зерен-2019» лагерінде тұру және білім алу тегін. Бірінші ауысым 3 - 11 шілде аралығында, екінші ауысым 13 - 21 шілдеде; үшінші ауысым 23 - 31 шілде аралығында өтеді. Барлық қатысушы өз идеясын жүзеге асыру мүмкіндігіне қол жеткізеді немесе лагерь тәлімгерлерінің жетекшілігімен мүлде жаңа жоба жасай алады. Негізгі бағыттар: азаматтық қоғамды дамыту, кәсіпкерлік дағдылары, жасыл экономика, креативті экономика және жаңа медиа салалары.

Жобаның бірегейлігі - ашық диалог алаңы болатындығында, онда танымдық үдерістің барлық қатысушысы сарапшылармен бірге стартаптар жасайды, орындалған жұмыстар қорытындысы бойынша өз бизнес-жобаларын таныстырады.

Білікті сараптамалық қазылар алқасы қатысушылар жасаған жобаларды іріктейді. Үздік 30 жоба қаржыландырылады, ал жалпы жүлде қоры - 15 миллион теңге.

Алматы облысынан келген қатысушы Ақбота Жарылқасынның айтуы бойынша, осындай ауқымды, әрі маңызды жобаға қатысу шын мәнінде болашаққа берілген жолдама.

«Мен Алматы облысынан өз жобаммен келдім. Қазір оны жасап жатырмын және маған қазір тәжірибе мен «жарқ ете қалу үшін» нақты не істеу керек екенін білетін білікті маманның кеңесі жетпей тұр. Зеренге келген соң, өзіме тәлімгер таптым. Жеңіске жетіп, жобамды еліме таныстыруды армандаймын және оған барлық мүмкіндігім бар деп ойлаймын. Жастарды қолдауға арналған «Зерен-2019» тәрізді жобалар мемелкет тарапынан үлкен қамқорлық, оның үстіне тегін қатысып, 9 күн бойы жемісті жұмыс істеу мүмкіндігің бар. Жастардың бәріне өз күшін байқап көруге, байқауларға қатысуға қорықпауға, қатысуға өтініш беріп, жарып шығуға кеңес беремін, себебі солай етсек қана біз өзімізді көрсете аламыз», - деп Ақбота алған әсерімен бөлісті.

9 күннен кейін, бірінші ауысымның соңында 10 жеңімпаздың аты белгілі болады, олардың жобаларына қаржы бөлініп, іске асу мүмкіндігіне ие болады. Осы ауысымда өз ісінің нағыз майталманы саналатын келесі сарапшылар қатысушылар алдында сөз сөйлеп, тәжірибесімен бөліседі: Қазақстанның мемелкеттік және қоғам қайраткері Әлихан Байменов, қазақстандық танымал альпинист Мақсұт Жұмаев, «Қазақстан барысы» қазақ күресін дамыту қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Арман Шораев, «Bilim Media Group» компаниясының негізін қалаушы және жетекшісі Рауан Кенжеханұлы, саясаттанушы Дос Қошым және басқалар.

Айта кетерлік бір жайт, қатысушыларды іріктеу 2019 жылғы 27 мамыр мен 30 маусым аралығында www.zerencamp.kz сайтында өтті. «Зерен-2019» жобасына қатысуға 1000-нан астам өтініш келіп түсті. Жобаға жастардың осынша қызығушылық танытуы оның ауқымына, оған деген маңызды көзқарасқа және қазіргі кезде заманауи жастарды қатты қызықтыратын таңдаулы тақырыптың өзектілігіне байланысты орын алып отыр.

Айта кетейік, «Зерен» республикалық жастар жазғы лагері дарынды жастардың бойында нағыз кәсіпкердің, азаматтық белсенді тұлға мен көшбасшының құндылықтарын қалыптастыруға және жетілдіруге бағытталған. Бағдарлама қорытындысы бойынша, нақты жүзеге асатын кәсіпкерлік бизнес-жобаларды Қазақстанның барлық өңірінде іске қосу жоспарлануда. Болжалды нәтиже - жаңа азаматтық бастамаларды ашу арқылы ауыл және қала жастарының дамуына серпін беру.

«Зерен-2019» лагерінің ұйымдастырушысы - Қазақстанның Азаматтық Альянсы.

Соңғы жаңалықтар