Қазақстанда зертханалар мен сертификаттау ұйымдарын бағалау қашықтан жүргізіле бастады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда зертханалар, сертификаттау және инспекциялық ұйымдар міндетті бағалаудың бір бөлігін қашықтан өте бастады. Ұлттық аккредиттеу орталығы осы форматта 32 бағалау жүргізді, деп хабарлайды Сауда және интеграция министрлігі.
Қашықтан бағалауға көшу ұлттық аккредиттеу жүйесін цифрландырудың кезекті кезеңі болып отыр. Жаңа тетік бизнес үшін уақыт пен ұйымдастырушылық шығындарды азайтуға, әкімшілік жүктемені төмендетуге және мемлекеттік ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Бұл ретте аккредиттеудің тәуелсіздік, құзыреттілік және нәтижелердің шынайылығы сияқты негізгі қағидаттары өзгеріссіз қалады.
– 2026 жылы қашықтан бағалау екінші жоспарлы бағалау кезінде пилоттық режимде жүргізіледі. Ал 2027 жылы Ұлттық аккредиттеу орталығы бұл тәжірибені кеңейтіп, қашықтан бағалау форматын барлық жоспарлы бағалауларға таратуды жоспарлап отыр, – деп атап өтті сарапшылар.
Сонымен қатар бағалауды қашықтан жүргізу міндетті емес. Бұл тетік белгіленген талаптарға сәйкес келетін және қашықтан өзара іс-қимыл жасауға қажетті техникалық мүмкіндіктері бар аккредиттеу субъектілеріне ғана қолданылады.
– Қашықтан бағалау процедуралардың объективтілігін, тәуелсіздігін және сапасын жоғары деңгейде сақтауға мүмкіндік береді. Бүгінде осы форматта 32 бағалау жүргізілді, – делінген хабарламада.
Жаңа форматты енгізу үшін Ұлттық аккредиттеу орталығы әдістемелік құжаттар топтамасын әзірледі. Оның ішінде «Қашықтан бағалау» жұмыс нұсқаулығы, бағалаушыларға арналған ұсынымдар және аккредиттеу субъектілеріне арналған кері байланыс сауалнамасы бар.
Бұл қашықтан бағалауды жүргізудің бірыңғай, ашық әрі түсінікті тәсілін қалыптастыруға, сондай-ақ жинақталған тәжірибе мен процеске қатысушылардың кері байланысы негізінде жаңа тетікті жетілдіруге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, кәсіпкер әйелдерді қаржыландыруды бақылайтын ұлттық цифрлық платформа іске қосылды.