Қазақстанда жәбірленушілерге арнайы өтемақы төленуі мүмкін
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы қылмыстық іс жүргізу процесінде жәбірленушілерге өтемақы төлеуде қамтамасыз етуге арналған арнайы қор құру көзделеді. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Қылмыстық іс жүргізу кодексінің жобасын талқылау барысында мәлім болды.
ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркельдің айтуынша, әлемдік тәжірибеде мұндай қорлар бар және оларды қаржы министрліктері басқарады. «Біз бүгінгі таңда жаңа қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу және әкімшілік істер бойынша айғақтарды енгізуге бағытталған жалпыұлттық жоспарын аяқтау сатысындамыз. Осы жоспар бойынша жәбірленушілерге өтемақы төлеуде қамтамасыз ету қорын құру қарастырылып отыр. Әрине, арнайы заң болмаса бұл қор да жұмыс істей алмайтыны айқын. Ондай қорды Қылмыстық іс жүргізу кодексіне енгізе де алмаймыз. Сондықтан да Қаржы министрлігі құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып арнайы заң жобасын әзірлеуге кіріседі», - деді И. Меркель. Оның айтуынша, мұндай қор арқылы алдағы уақытта қылмыстық әрекеттерден жапа шегіп, жәбірленген азаматтар арнайы өтемақы төлемдерімен қамтамасыз етілетін болады.