Қазақстанда жақсы жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесі 91%-ға жетті
АСТАНА. KAZINFORM- Мемлекет басшысының автомобиль жолдары желісін дамыту жөніндегі бастамаларын іске асыру аясында соңғы алты жылда Қазақстанда 31 мың шақырым автомобиль жолы қайта жаңғыртылып, жөнделді. Оның ішінде 12,5 мың шақырым республикалық маңызы бар және 18,5 мың шақырым жергілікті маңызы бар жолдар қамтылды.
ҚР Көлік министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде республикалық маңызы бар жолдардың нормативтік жағдайдағы үлесі 89%-дан 93%-ға, жергілікті жолдар бойынша 71%-дан 91%-ға дейін өсті. Сонымен қатар төрт жолақты автомобиль жолдарының ұзындығы 2,3 мың шақырымнан 4,4 мың шақырымға дейін ұлғайды.
Ауқымды жұмыстар жол инфрақұрылымын жаңартумен қатар, жол жүру уақытын қысқартуға және өңірлердің көлік қатынасының қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берді.
2020-2026 жылдар аралығында Көлік министрлігі автомобиль жолдарын дамыту және жаңғырту бойынша кешенді жұмыстар жүргізді.
Осы кезеңде «Астана – Алматы», «Талдықорған – Өскемен», «Ақтөбе – Атырау – Астрахань», «Меркі – Бұрылбайтал», «Қалбатау – Майқапшағай», Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы, «Үшарал – Достық», «Қостанай – Денисовка», «Подстепное – Федоровка», «Ұзынағаш – Отар» және «Петропавл – Ресей Федерациясының шекарасы» сияқты ірі жобалар аяқталды.
Жуырда Мойынты – Қызылжар теміржол желісіндегі жолдардың түйісуі аяқталғанын хабарладық.