Қазақстанда жақын бесжылдықта кадр тапшылығы болжанады - Т. Дүйсенова

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жақын бесжылдықта кадрлар тапшылығы болжанады. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңестің отырысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті.

Қазақстанда жақын бесжылдықта кадр тапшылығы болжанады - Т. Дүйсенова

Министрдің сөзіне қарағанда, еңбек нарығындағы ортамерзімдік өзгерістер болжамы жұмыспен қамтудағы теңсіздіктің орын алу мүмкіндігін көрсетіп отыр. «Жақын бесжылдық бойынша айтсақ, бұл кезеңдерде жаңа жұмыс күшінің келу қарқыны біршама бәсеңдеуі ықтимал. Бұл негізінен сонау 1990 жылдардың басындағы туу көрсеткіштеріне, демографиялық ахуалдың құлдыруымен тікелей байланысты. Бұл ретте еңбек нарығындағы тапшылық негізінен жұмыссыздар, сонымен бірге өзін-өзі жұмыспен қамтығандар есебінен толығуы күтіледі», - дейді Тамара Дүйсенова.

Сонымен қатар, ведомство басшысы бүгінгі таңда қазақстандық өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы мен сауда саласында екенін атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, олардың негізгі бөлігі индустриялдық кәсіпорындарда жұмыс істеуге дағдыланбаған. Сондықтан да министр Т. Дүйсенова отандық еңбек ресурстарының біліктілігін арттырудан, оларды өндірістік жұмысқа тартудан бөлек, сырттан, яғни шет елдерден жоғары білікті мамандар тартудың өзекті екенін атап өтті.