Қазақстанда жалпы ішкі өнім 3% төмендеді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовжыл басынан бергі елдің әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Тамыздың екінші жартысында қызметтер секторының бірқатар салалары жұмысты қайта бастады. Экономиканың нақты секторында өсу сақталуда. Олар құрылыс, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі. Дайын өнім тауарлары экспортының ұлғаюы байқалады. Жылдық инфляция 7%-ке дейін бәсеңдеді.
Тауарлар өндірісі 1,7% өсті. Сонымен бірге, көрсетілетін қызметтер 6,1% қысқарды. Нәтижесінде, жедел деректер бойынша, жалпы ішкі өнім 3% төмендеді», - деді министр Үкімет отырысында.
Өндірістік секторы салаларында, оның ішінде құрылыс – 6,5%, ауыл шаруашылығы – 4,9% және өңдеу өнеркәсібі – 3,3% өсім көрсеткен.
«Сонымен бірге, көрсетілетін қызметтер секторы салаларында, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар – 4,3%, әкімшілік қызметтерді көрсету – 5,1, сауда – 10,5 және көлік қызметтері – 16,1% төмендеу байқалады. Бұл ретте, байланыс қызметтері 8,3%-ке артты», - дейді Р. Дәленов.