Қазақстанда жаңа әлеуметтік көмек түрі енгізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Өрлеу» жобасы аясында Қазақстанда отбасына қолдау көрсету институты енгізіледі, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
None
None

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанның барлық өңірінде шартсыз және шартты ақшалай көмек сынды жаңа үлгідегі атаулы әлеуметтік көмек енгізіледі.

Шартсыз ақшалай көмек құрамында еңбекке жарамсыз мүшелері бар отбасыларға (қарт зейнеткерлер мен мүгедектер отбасы) немесе еңбекке жарамды отбасы мүшелері белгілі бір себептермен жұмыспен қамту шараларына қатыса алмайтын отбасыларға (мысалы, мектеп жасындағы балалары бар жалғызбасты ана) беріледі. Мұндай отбасылардан жәрдемақы алуы үшін жұмыспен қамту шараларына міндетті қатысу талап етілмейді.

Шартты ақшалай көмек қиын жағдайда қалған отбасының еңбекке жарамды мүшелеріне әлеуметтік келісімшартқа отыру арқылы қосымша көмек ұсынады. Шартты көмек болашақта еңбекпен қамту арқылы тұрақты кіріс көзін қамтамасыз ету, кейінірек жұмысқа орналасу мақсатында беріледі. Жобаға қатысу кезінде қатысушыға қосымша дербес ақшалай көмек беріледі.

Әлеуметтік келісімшартқа қатысушы тараптардың өзара міндеттері белгіленеді. Мәселен, өкілетті орган қиын жағдайға тап болған нақты бір отбасыға дербес жоспар әзірлеп, әлеуметтік көмек алушылардың өмір сүру деңгейіне мониторинг жүргізеді. Осылайша, келісімшартта өкілетті орган мен отбасы жүзеге асыратын шаралар кешені көзделетіндіктен, Қазақстанда отбасына қолдау көрсету институты іске қосылады.

2017 жылдың алғашқы тоқсанында "Өрлеу" жобасына 48,3 мың адам немесе 8,2 мың отбасы қатысты. Бұл уақыт аралығында оларға республикалық және жергілікті бюджет есебінен 1,7 млрд теңге сомасында шартты ақшалай көмек көрсетілді. Жобаға қатысушы отбасылардың 87% еңбекке жарамды мүшелері тұрақты жұмыс орындары арқылы еңбекпен қамтылды.

Соңғы жаңалықтар