Қазақстанда жаңа баспана теңгемен сатылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкімет пен Ұлттық банк көп күш-жігерін жұмсап, жұмыс істейтін екі бағыт бар. Бірінші бағыт - экономиканы долларсыздандыру, яғни, ең алдымен, ұлттық ақшамыздың қолданысын кеңейту. Ал екінші бағыт - қазақстандық банктерден азаматтардың теңгемен несие алу мүмкіндіктерін арттыру. Осы екі мәселені оң шешетін болсақ, еліміздің экономикасы бағамдық саясатқа мейлінше азырақ назар аударады. Керісінше, инфляцияның мөлшерлемесіне көбірек көңіл бөледі,-деп мәлімдеді ағымдағы жылдың 20 тамызында Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР-ның Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов.
None
None

Үкімет басшысының ұсынысын Қазақстан құрылысшылар қауымдастығы (ҚҚҚ) бірінші болып қолдады. Ол отандық тұрғын үй нарығын долларсыздандыру туралы шешім қабылдады. Шешімге сәйкес, қауымдастыққа мүше компаниялар жылжымайтын мүлік нысандарын салу мен сату кезінде доллардан бас тартып, тек теңгені қолданады. ҚҚҚ-ның баспасөз қызметі хабарлағандай, бұдан былай қауымдастық мүшелері жаңа тұрғын үйлердің бағасын теңгемен белгілейді. Тұрғын үй құрылысы нарығындағы басқа да қатысушыларға тура осындай талап қойылады.

«Қауымдастық ұлттық ақшаның басымдығын арттыру мақсатында құрылыс материалдарын жеткізушілер және қызмет түрлерін ұсынушылармен арадағы өз қарым-қатынасын қайта қарайды. Мұндай қадам инфляциялық таргеттеуге, баспананың әр шаршы метрінің құнын өсіруді тежеуге септігін тигізеді. Құрылыс материалдарын жеткізушілерді таңдаған кезде доллардан тәуелсіз, қазақстандық мазмұны жоғары отандық компанияларға басымдық беріледі»,- делінген баспасөз қызметі таратқан Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының төрағасы Айдын Рахымбаевтың түсініктемесінде.

Сондай-ақ, А. Рахымбаев Қазақстанның жаңа ақша-несие саясатына көшуі жаңа баспана құнының өсуіне әкеліп соқтырғанын атап айтты. Мысалы, ағымдағы жылдың тамыз айында шілдемен салыстырғанда баспана бағасы 4,2 пайызға артқан. Ендеше теңгенің еркін айырбас бағамына өтуі тұрғын үйдің бағасының арзандауына ықпал етеді. Осыған орай ҚҚҚ-ның атқарушы директоры Аслан Түкиев: «Біздің қауымдастық тұрғын үй нарығындағы риэлторларды, кәсіби бірлестіктер мен басқа да мүдделі ұйымдарды бағаны доллармен қалыптастырудан түбегейлі бас тартып, ұлттық ақшамызға басымдық беруге шақырады» деп мәлімдеді.

Аталған қауымдастықтың баспасөз қызметі хабарлағандай, ҚҚҚ-ы жылжымайтын мүлік нарығындағы құрылыс материалдарын жеткізушілермен және басқа да мүдделі субъектілермен арадағы қарым-қатынасын қайта қарауға Үкіметтен жәрдем сұрауға ниеттеніп отыр. Айта кетелік, бірлестік мүшелері Қазақстандағы коммерциялық тұрғын үй құрылысының 60 пайызын, Астанадағы нарықтың 80 пайызын иеленеді. 2004 жылдың мамыр айында құрылған қауымдастыққа 14 ірі инвестициялық-құрылыс және холдингтік компаниялар кіреді. Олардың қатарында: «Базис-А корпорациясы» ЖШС-і, «BI Group» холдингі, «Шар құрылыс» ЖШС-і, «Альянсстройинвест» ЖШС-і, «Ақмола құрылыс материалдары» ЖШС-і, «Стройконстукция» АҚ-ы, «Эра» ЖШС-і, «Строй-Контракт» корпорациясы» ЖШС-і, «Құлагер құрылыс компаниясы» ЖШС-і, «TS Development» ЖШС-і, «ВЕК» корпорациясы» ЖШС-і, «Элитстрой групп» ЖШС-і, «Orda Invest» корпорациясы» ЖШС-і, «Айбын құрылыс» ЖШС-і және т.б. бар.

Әмірлан Әлімжан

Соңғы жаңалықтар