Қазақстанда жаңа брендтерді тіркеу мерзімі қысқарады

Қазақстанда жаңа брендтерді тіркеу мерзімі қысқарады
Фото: Алина Төлеубаева/Kazinform

Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова зияткерлік меншік туралы заңнамаға қатысты консультативтік құжаттарды талқылау нәтижесі жөніндегі түсінік берді, деп хабарлайды Kazinform. 

«Атап айтқанда, зияткерлік меншік құқығын қорғауға бағытталған кешенді құжат әзірленді. Авторлық құқықты бұзғаны үшін жауапкершілікті белгілеу әрі нақтылау туралы тиісті ережелер бар. Сонымен қатар қағаз нұсқадағы әдебиеттерді оқи алмайтын, яғни денсаулық жағдайына байланысты бірқатар адамның құқығын қорғауға бағытталған нормалар бар. Бұл ретте біз автордың құқығын белгілі бір дәрежеде шектеп, осындай мүгедектігі бар жандардың ерекшеліктерін ескере отырып, баспаларға тиісті әдебиеттерді шығаруға мүмкіндік береміз», - деді Б.Жақселекова Әділет министрлігінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Сонымен қатар ол елімізде брендтерді тіркеу мерзімін қысқарту туралы ұсыныс жасалғанын айтты.

«Кәсіпкерлер брендті тез арада ілгерілету мақсатында тиісті өтініштерін айтып жатыр. Мәселен, дәл қазір бір бренд трендте болса, біраз уақыттан кейін оған сұраныс төмендеуі мүмкін. Сондықтан тіркеу мерзімін қысқарту туралы ұсыныс жасалды. Біз бұл ұсынысқа қолдау білдірдік, расында да әлемде мұндай үрдіс бар. Қазір көрші елдерде де мұндай нормативтік-құқықтық актілер дайындалған. Енді кәсіпкерлердің өтініші бойынша тіркеу мерзімі қысқартылмақ», - деді вице-министр.

Соңғы жаңалықтар
telegram