Қазақстанда жаңа кадрлық тағайындаулар

АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада елорда әкімінің жаңа орынбасары тағайындалып, бірқатар өңірлік департаменттерде кадрлық ауыс-түйіс орын алды. «ҚазАқпарат» апта ішінде орын алған осы және өзге де тағайындауларға шолу жасайды.

Қазақстанда жаңа кадрлық тағайындаулар

Сонымен осы аптада мұның алдында ғана Елбасы Жарлығымен ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) төрағасының бірінші орынбасары қызметінен босатылған Андрей Лукин Астана қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Лукин Андрей Иванович 1961 жылы 28 шілдеде туған. Целиноград инженер-құрылыс институтын, Қарағанды Мемлекеттік университетін бітірген. 1985 - 1998 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі органдарында қызмет өткерген. Ақмола қаласы Шығыс ішкі істер бөлімінің бастығы, Ақмола қаласы Ішкі істер басқармасының бастығы, Мемлекеттік Тергеу Комитетінің бастығы. 1998 жылғы мамыр - 2003 жылғы шілде аралығында - Астана қаласы Тұрғын үй департаментінің бастығы, 2003 жылғы шілде - қыркүйек аралығында - Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі Әкімшілік және құқық жұмысы департаментінің директоры, 2003 жылғы қыркүйек - 2005 жылғы сәуір аралығында - Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда вице-министрі. 2005 жылдан жаңа қызметке тағайындалғанға дейін ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) Төрағасының орынбасары болды.

ҚР Президентi Әкiмшiлiгiнің келiсiмiмен, СҚО әкімі Ерік Сұлтановтың өкімімен Солтүстiк Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы лауазымына Мадияр Дүйсенбайұлы Қожахмет тағайындалды. Мадияр Дүйсенбайұлы 1984 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келдi. Ол Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетiн тәмамдаған, Елбасының «Болашақ» бағдарламасымен Чех әлеуметтiк ғылым университетiнде бiлiм алған. 2003-2008 жылдар аралығында республикалық «Қазақстан жастары конгресi» жастар ұйымында қызмет еттi. Еңбек жолын жобалар үйлестiрушiсi қызметiнен бастаған. 2008 жылдан бастап, 4 жыл аралығында Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң жастар саясаты Департаментiнiң директор орынбасары, директоры, Жастар iсi жөнiндегi комитетi төрағасының орынбасары лауазымдарын атқарды. 2012 жылдың қазан айынан бастап осы тағайындауға дейiн ҚР Президенті Әкiмшiлiгiнiң Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлiмiнiң инспекторы қызметiнде болды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қ.Қожамжаровтың бұйрығымен Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы болып Қарымсақов Мұрат Секешұлы тағайындалды.

М.Қарымсақов 1967 жылы Шығыс Қазақстан облысы Зырянов қаласында дүниеге келген. 1994 жылы Ресей Федерациясының қарсы барлау федералдық қызмет академиясын бітірген. Ұлттық қауіпсіздік органдарында 25 жылдан астам қызмет атқарған. 4 жылдан астам ұлттық қауіпсіздік органдарының аумақтық бөлімшесінің басқармасын басқарған.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бұйрығымен Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы болып Қабдолла Шыңғыс Қайыпұлы тағайындалды. Шыңғыс Қайыпұлы 1978 жылы Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданында дүниеге келген. Ол Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін, Қаржы полициясы академиясын, Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1999 жылдан бастап Алматы облысы Жамбыл ауданы бойынша Салық комитетінің жетекші салықтық инспекторы қызметінен бастады. Қаржы полициясы жүйесінде қызмет етті. 2009-2011 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Құқық қорғау жүйесі бөлімінде инспектор болды. 2011 жылдың қазанынан осы уақытқа дейін аталған бөлімде сектор меңгерушісі лауазымын атқарды.

ҚР Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бұйрығымен Павлодар облысы бойынша департаментінің жетекшісі қызметіне Шакенов Денис Владимирович кірісті. Д.Шакенов 1977 жылы туған, жоғарғы білімі бар - 1998 жылы ҚР ҰҚК Қарағанды жоғарғы мектебін бітірген. Органдағы қызметін 1998 жылы Қарағандының Октябрьск АІІБ-ның Киров полиция бөлімі Тергеу бөлімшесінің тергеушісі болып бастады. Қаржы полициясы агенттігінің сыбайлас жемқорлық істерін ашу және ескерту бойынша департаментінің, тергеу департаментінің басшысы, сонымен бірге, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінде басқарушы қызметтерде болды. Соңғы жұмыс орны - Павлодар облысы бойынша экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің басшысы.

ҚР ҰЭМ Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Павлодар облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы болып Ермек Жеңісұлы Камелев, Солтүстік Қазақстан облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы болып Марат Бөрібайұлы Жексембин, Жамбыл облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы болып Талғат Сағынұлы Төлендиев, Батыс Қазақстан облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы болып Мұхамғали Қайыржанұлы Арыспаев Ақтөбе облысы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы болып Нұрсұлу Алтынбекқызы Беркімбаева тағайындалды.

Осы аптада Қызылорда облысы әкімі Қырымбек Көшербаев ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы лауазымына тағайындалған Қарымсақов Мұрат Секешұлын таныстырды. Мұрат Секешұлы 2014 жылдың қараша айына дейін ұлттық қауіпсіздік органдарында жауапты қызметтер атқарған.

Сонымен қатар Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы лауазымына Мұстафаев Серік Жолдасбекұлы тағайындалды. Серік Жолдасбекұлы бұған дейін Қызылорда облысы салық комитеті төрағасының орынбасары болды.

Павлодар қаласының әкімі Болат Бақауовтың өкімімен Баян Қапасқызы Бейсембаева Павлодар қаласы қаржы бөлімі басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалды. Баян Қапасқызы Бейсембаева 1965 жылы туған, жоғары экономикалық білімі бар, 2000 жылы Қарағанды мемлекеттік университетін экономист-қаржыгер мамандығы бойынша тәмамдады. Еңбек жолын 1983 жылдың шілдесінде бастады. Төрт жыл бойы (1985 ж.-1989 ж.) Қашыр агроөнеркәсіптік кешенінің бухгалтері болып істеді. 1992 жылдың қазанынан бастап мемлекеттік қызметте. Қашыр аудандық қамсыздандыру бөлімінде, Қашыр аудандық қаржы бөлімінде, Қашыр ауданының коммуналдық шаруашылық басқармасында, Павлодар облысының қаржы басқармасында түрлі лауазымдарда жұмыс істеді. 2009 жылдың қазанынан 2011 жылдың шілдесіне дейін Қашыр ауданы қаржы бөлімінің бастығы болып қызмет етті. 2012 жылдың тамызында «Қазақ су каналы жобасы» акционерлік қоғамы жоспарлау-экономикалық бөлімінің бастығы болып тағайындалды, онда қазіргі уақытқа дейін еңбек етті.