Қазақстанда жаңа ҚІЖК қабылданғаннан кейін айыппұл жинау көлемі артады - ҚР Бас прокуратурасы
АСТАНА. 18 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстанда жаңа Қылмыстық іс жүргізу кодексі қабылданғаннан кейін айыппұл жинау көлемі артады.
Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Иогань Меркель мәлім етті.
Оның атап өтуінше, жаңа Қылмыстық кодекс жобасында түзеу жұмыстарын орындау тәртібі өзгеріске ұшыраған. Ал бұл саладағы қазіргі ахуалға сай сотталушыға жалақының 20 пайызы көлемінде түзеу жұмыстары тағайындалады.
«Нарықтық экономика жағдайында кез келген кәсіпкер өзіне 500 теңге көлемінде жалақы белгілеп, аталған сомадан 20 пайыз төлейді. Мұндай жайт болмауы үшін біз нақты сома белгіледік. Мәселен, 2 жыл ішінде ол 1000, 500 жалақының минималды есептік көрсеткішін төлеуі тиіс. Осылайша, сотталушының төлеуден жалтаруына тосқауыл қойылады. Айыппұл төлеуден не болмаса түзеу жұмыстарынан жалтару бас бостандығынан айыру жазасына алмастырылуы мүмкін екендігін ескере отырып, біз оның шынайы орындалуының өсімі болатындығын күтудеміз», - деді ол.