Қазақстанда жаңа Қылмыстық іс жүргізу кодексі тексерілетін материалдардың едәуір азаюына мүмкіндік берді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Қазақстанда 2015 жылдан бастап енгізілген жаңа Қылмыстық іс жүргізу кодексі аясында қылмыстық-процессуалдық жолмен тексерілетін материалдар саны 550 мыңға азайды.

Қазақстанда жаңа Қылмыстық іс жүргізу кодексі тексерілетін материалдардың едәуір азаюына мүмкіндік берді

Бұл туралы бүгін екінші күн - Алматы облысының Талғар қаласында орналасқан Бүкіләлемдік бокс академиясы ғимаратында «Процессуалдық заңнаманы жаңғырту - сот төрелігі мен құқық қорғау қызметі тиімділігінің кепілі» тақырыбында өтіп жатқан Халықаралық конференция барысында ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель мәлім етті.

Ол өз сөзінде өткен жылы атқарылған жұмыстар бойынша жүргізілген сараптама - Қылмыстық іс жүргізу кодексінің жаңа институттарының тиімділігін көрсетіп бергендігін атап өтті.

«Тергеуге дейінгі тексеруден және қылмыстық іс қозғау кезеңінен бас тарту нәтижесінде адвокат өзінің қорғауындағы адамды іс Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіле салысымен қорғауға қол жеткізді. Жәбірленушінің құқығы тезірек қалпына келтірілетін болды. Тергеуге дейінгі тексеру барысында азаматтарды қайта-қайта шақырып, жауап алу жүйесі жойылды. Бұл бюджетке тым артық шығын келтіретін және азаматтардың наразылығын тудыратын», - деді И. Меркель.

Бас прокурордың бірінші орынбасарының сөзінше, Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімін (СДТБТ) жүргізуді автоматтандыру - іс жүргізуді бастауды оңайлатты. Екіншіден, хат жүзіндегі арыздардың бірыңғай форматын енгізуге мүмкіндік берді. Ал бұл, жалған арыз жазуға жол бермейді. Өйткені, бұл үшін қандай жауапкершілік қарастырылғаны бірден түсіндіріледі. Қазір жалған арыз бергендік үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Сондай-ақ, жаңа автоматтандыру жүйесі тергеу барысын онлайн режімінде бақылауға мүмкіндік береді. Төртіншіден, полиция қызметкерлерінің тәртіптілігі жоғарылады. Қылмыстық емес сипаттағы хабарламаларды тексеру дұрыс жолға қойылған.

«Қылмыстық-процессуалдық жолмен тексерілген материалдар саны 550 мың бірлікке, яғни екі есеге дейін қысқартылды. 2014 жылы - 1,2 млн. материал, ал 2015 жылы - 713 мың материал тексерілген болатын. Яғни, 2014 жылы қылмыстық нышандар құрамы мен оқиғалардың жоқтығына байланысты 720 мыңдай бас тартылған материалдар рәсімделіп, 32 мың қылмыстық іс тоқтатылды. Ал 2015 жылы осы негізде 229 мың қылмыстық іс тоқтатылды. Осының арқасында басқа қылмыстарды ашуға жеткілікті уақыт жұмсалатын болды», - деді И. Меркель.