Қазақстанда «Жаңа толқын» конкурсына қатысушылар іріктеледі
АСТАНА. 18 наурыз. ҚазАқпарат /Гүлнәр Жандағұлова/ - Қазақстанда жас орындаушылардың «Жаңа толқын-2011» және «Балалар жаңа толқыны-2011» халықаралық конкурсының ұлттық іріктеу туры өтеді,
деп хабарлады конкурстың ұйымдастыру комитетінен.
«Жаңа толқын» халықаралық конкурсы Юрмалада 2002 жылдан бері өткізіліп келеді. Халықаралық маңыздағы жарқын мәдени оқиға болып табылатын бұл конкурстың басты мақсаты - жаңа есімдерді ашу.
«Қазақстанда дарынды орындаушылар көп. Сондықтан да біз Қазақстанның аумағында «Жаңа толқын» және «Балалар жаңа толқыны» конкурстарының ұлттық іріктеу турын өткізу туралы шешім қабылдадық. Іріктелген орындаушылар Қазақстанның атынан халықаралық байқауға қатысады», - деп хабарлады ұйымдастыру комитетінен.
Іріктеу туры 22 наурызда Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында өтеді.