Қазақстанда «Жаңа толқын» және «Балалар «Жаңа толқыны» конкурстарының іріктеу туры өтеді
АСТАНА. 21 наурыз. ҚазАқпарат /Жанна Қорқытова/ - Қазақстанда жас орындаушылардың «Жаңа толқын-2011» және «Балалар «Жаңа толқыны-2011» халықаралық конкурстарының ұлттық іріктеу туры өтеді, деп хабарлады елордалық әкімдік конкурстың ұйымдастыру комитетіне сілтеме жасап.
«Жаңа толқын» халықаралық конкурсы Юрмалада 2002 жылдан бері өткізіліп келеді. Халықаралық маңыздағы жарқын мәдени оқиға болып табылатын бұл конкурстың басты мақсаты - жаңа есімдерді ашу.
Іріктеу туры 22 наурызда Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында өтеді.
Ал 23 наурызда «А-Студио» тобының, «Жаңа толқын» конкурсының лауреаты - Ringo тобының қатысуымен гала-концерт өтеді және іріктеу конкурстардың жартылай финалына өткендердің есімдері жарияланады.