Қазақстанда жаңадан ММА федерациясы құрылып, басшылары сайланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жаңадан құрылған ММА федерациясының басшысы болып Асылбек Дүйсенов сайланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанда жаңадан ММА федерациясы құрылып, басшылары сайланды

Төраға орынбасарлары Анатолий Ким мен Микаил Надиров болды.

Бүгін өткен баспасөз мәслихатында Қазақстанның ММА аралас жауынгерлік жекпе-жек федерациясы мен Қазақстанның аралас жекпе-жек күресі федерациясы «Қазақстанның ММА федерациясы» ЗТБ болып қайта құрылғандығы мәлім етілді.

Аталмыш шешім ММА аралас жекпе-жек түрлерінің еліміздегі дамуына жол ашу мақсатында жасалды. Бұл өз кезегінде, аталмыш спорттың Қазақстанда дамуына ғана емес, кәсіпқой және әуесқой спорттағы халықаралық жарыстар мен ареналарда өнер көрсететін қазақстандық спортшылардың алға жылжуына өз көмегін бермек.

Федерация еншісінде көп жылғы тәжірибе мен жетістіктер, тиісті құзыр мен құқық бар.

Микаил Надиров IMMAF халықаралық федерациясына Қазақстанның мүшелік етуі, алдағы уақыттарда болатын өзгерістер жайлы айтып берді.

Надировтің сөзінше, әуесқойлар мен кәсіпқойларды нақты санаттарға бөлу көзделген.

«Кәсіпқой спортшылар әуесқой жарыстарға қатыстырылмайды, осы арқылы біз әуесқойлар арасында тең бәсекелестік ортаны қалыптастырамыз. Әуесқой ортада әбден ысылып, халықаралық ареналарда жүлде шақ келтірмеген спортшыларды промоутерлер қолға алып, танымал промоушндерде кәсіпқой алаңдарда мансаптарын жалғастыра алады. Кейін мансаптың ең биік шыңы - UFC алаңына дейін көтеріле алады», - деді ол.

Аталмыш ұйым өкілдеріне қойылатын талап жоғары, әсіресе, WADA антидопингтік саясатын ұстану басты назарда. Сондықтан барлық палуандар жарыс алдында тыйым салынған дәрілерге қатысты сынақтан өтеді. 

Надировтің хабарлауынша, федерация да осы саясатты ұстанатын болады.

«Бізді әлемдегі допингке қарсы үрдіс қатты қуантады. Біз барлығымыз кезінде спортпен шұғылдандық, егер барлығын дұрыс істеп, жақсы дайындалса, допингтің қажеті де жоқ. Ең мықты допинг - патриотизм», - деп атап өтті Надиров.