Қазақстанда жанармай тапшылығы орын алады деуге еш негіз жоқ - Ұ. Қарабалин
«Жанар-жағармай бойынша Ресейгі біршама тәуелді болғандықтан, бұның бағасы Қазақстанда сол көршілес елдегі бағаға байлаулы. Сондықтан да, біз Ресейде, әлемдік деңгейде бағаның қалай құбылатынын бақылаудамыз. Елімізді тапшылыққа ұшыратпауға тырысамыз. Қазіргі күні еліміздегі базаларда бензиннің қоры 230 мың тоннаға жуық, ал дизель отыны 140 мың тоннаның айналысында. Яғни, зауыттар өз мөлшеріндегі өнімді шығарып отыр, ендеше Қазақстанда жанармай тапшылығы орын алады деуге еш негіз жоқ», - деді Ұзақбай Қарабалин.
Оның айтуынша, былтырғы жылы орын алған тапшылық негізінен Ресейдегі зауыттардың істен шығуына қатысты болатын.
«Бұл бізде ғана емес, Ресейдің өзіне де қиыншылық тудырғаны белгілі. Содан бері, Құдайға шүкір, ондай оқыс жағдай болған емес. Ресейдің зауыттарының тілеуін тілеп отыруға тура келеді», - деді Ұ. Қарабалин.
Айта кетерлігі, 2017 жылдан кейін Қазақстанда үш мұнай өңдеу зауытын жаңғырту есебінен ішкі нарықтың сұранысы толық қамтамасыз етіледі деп жоспарланған.