Қазақстанда жапонның «MINISTOP» сауда белгісіндегі тәулік бойы жұмыс жасайтын дүкендер желісі ашылады
АЛМАТЫ. 14 маусым. ҚазАқпарат - Оңтүстік Корея, Қытай, Филиппин, Вьетнам елдерінде «MINISTOP» дүкендер желісін ашқан «MINISTOPJAPAN» компаниясы енді Қазақстан нарығына енбек.
1980 жылдан бері бөлшек сауда нарығында жұмыс жасайтын бұл компания Жапониядағы ең ірі холдингтердің қатарындағы ÆON Group компаниялар тобына кіретін 180-нен астам ритейл компаниялардың бірі. Қазіргі таңда «MINISTOP» дүкендер желісі 4200 дүкеннен тұрады. Оның 2 103-і Жапонияда, 2 097-сі шет елдердегі филиалдарда. Енді шет елдік филиалдардың қатарына «РТС-МИНИСТОП» франчайзингтік жобасы бойынша Қазақстан да қосылмақ.
«MINISTOP» сауда белгісінің иесімен болған келіссөз 1 жылдан астам уақытқа созылды. Соның нәтижесі бойынша 11 мамырда қазақстандық «РТС Лтд» мен жапондық ««MINISTOPJAPAN» және «Senkо» компаниялары бірлескен «РТС-МНИСТОП» ЖШС-ін құрды. Бұрнағы күні бұл серіктестіктің алғашқы жалпы акционерлер жиналысы өткізілді. Онда территоиялық франчшиз келісім-шартқа қол қойылды. Келісім бойынша «РТС -МИНИСТОП» Қазақстандағы суб-франчайзинг дукендерін ашу құқын алып, «MINISTOP» дүкендер желісін дамытуды бастайды», - дейді «РТС-МИНИСТОП» ЖШС-нің Басқарма төрайымы Баян Қоспенбетова. Оның айтуынша, Қазақстанда бұл дүкендердің көлемі 80-120 шаршы метр көлемінде болмақ. Бұл сауда орындары аптаның барлық күні тәулік бойы үздіксіз жұмыс жасайды.