Қазақстанда жаппай сипаттағы адам саудасы жоқ - Т. Әбішев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жаппай сипаттағы адам саудасы жоқ. Бұл туралы бүгін зорлық-зомбылық құрбандарына қолдау көрсету мәселесі бойынша дөңгелек үстелде ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев мәлім етті.
«Атап айтқанда, Қазақстанда жаппай сипаттағы адам саудасы жоқ. Алайда іс жүзінде адам саудасы бойынша фактілер кездесіп жатады. Бас прокуратураның мәліметінше, сексуалдық, еңбек және басқа да мақсаттарда пайдалануда адам саудасы фактілері бағытында жыл сайын 40-тан астам қылмыстық іс қозғалады. Бұл істер сотқа дейін жеткізіліп, оған қатыстылар лайықты жазасын алып жатыр»,-деді ол. ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның, үкіметтік емес ұйымдардың, мемлекеттік органдардың қатысуымен адам саудасымен күрестің өзекті мәселелері бойынша арнайы баяндама әзірлеуде. «Адам саудасының құрбаны болған адамдар әрдайым әлеуметтік қызметтерге қол жеткізе алмайды. Бұл медициналық көмек алу, экологиялық, педагогикалық, сондай-ақ заңгерлік көмектер. Осы мәселелер өте маңызды. Адам саудасы құрбандарына әлеуметтік көмек беру стандарттарын қабылдау тұрғысында тиісті ұсыныстар даярланатын болады»,-деді ол. Т. Әбішевтің сөзіне қарағанда, ұсыныстар өкілетті мемлекеттік органдардың қарауына жіберіледі. Осыдан кейін, комиссия оны арнайы баяндама арқылы Қазақстан Президентіне таныстырады.