Қазақстанда жарты миллионнан астам адам қант диабеті диагнозымен есепте тұр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда 575 499 адам қант диабеті диагнозымен есепте тұр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында хабарлады.

қант диабеті
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Ведомство мәліметінше, 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша олардың 30 987-сі 1-типті, ал 544 512-сі 2-типті қант диабетімен ауырады. Науқастардың 94,6 пайызына 2-типті диабет диагнозы қойылған.

– Биылғы тоғыз айда скринингтік тексерулер барысында 33 192 пациент анықталып, оның 30 652-сі немесе 92,3 пайызы динамикалық бақылауға алынды. Ал 2025 жылы 22 690 пациент анықталып, олардың 19 895-і дәрігер бақылауына алынған еді, - делінген хабарламада.

Министрлік дерегіне сәйкес, 2026 жылдың тоғыз айында қант диабетін анықтауға арналған скринингтік зерттеулермен қамту көрсеткіші 84,2 пайызға жеткен. 2025 жылы бұл көрсеткіш 79,4 пайызды құраған.

Осыған дейін қант диабеті басталғанын ағза алдын ала ескертуі мүмкін 7 белгі туралы жаздық.