Қазақстанда жас ғалымдарға арналған қандай жобалар бар
АСТАНА. ҚазАқпарат – Отандық ғылымды дамыта түсу мен жас ғалымдарды қолдау шараларына қатысты ғылыми комитеттің алдағы жоспары белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмед-Заки келтірген мәліметке сай, комитет 2023-2025 жылдарға арналған 3 ғылыми грант байқауын жариялады.
Алдымен ғылым саласына енді келгендерге арналған «Жас ғалым» жобасы. Жобаның бюджеті 3 млрд теңгені құрайды. Екінші жоба да жас ғалымдарға арналып отыр. Нақты айтқанда, ғылыми-техника саласына 2023-2025 жылдары 9 млрд теңге қарастырылып отыр.
Одан бөлек, жалпы ғылым және ғылыми-техникалық жобаларға тағы 74 млрд теңге бөлінбек.
«Жоғарыда аталған үш ғылыми байқаудың жалпы бюджеті 86 млрд теңгені құрайды. Бұл 2020-2022 жылдарға қарағанда 4 есе көп деген сөз. «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы аясында және ұлттық ғылымды дамыту тұжырымдамасына сәйкес жалпы ғалымдар санын 1,5 есе немесе 34 мың дейін ұлғайту міндеті қойылды. Сонымен қатар жас ғалымдардың үлесін 50%-ға көбейту керек. Біз жас ғалымдарды қолдау және талантты жастарды ғылымға тарту басымдыққа ие екенін түсінеміз», - деді Дархан Ахмед-Заки ОКҚ-де өткен брифингте.
Оның айтуынша, жоғарыда аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде отандық ғылым жыл сайын 1 мың жас ғалыммен толыға түспек.
«Жалпы ғылымның дамуына негізгі төрт фактор әсер етеді. Бұл – кадрлық әлеует, қаржыландыру көлемі, ғылымның нақты сектормен байланысы және ғылымды әкімшілендіру сапасы. Бүгінде елімізде 22 мыңнан астам ғылыми кадр бар. Оның 36%-ы 35 жасқа дейінгі жастар. Елімізде 1 миллион халыққа 1172 ғалым келеді. Бұл көрсеткіш 1990-жылмен салыстырғанда 2 есе аз. Ғылыми әлеует ғылымды қаржыландырумен тікелей байланысты. 2021 жылы жалпы ішкі өнімге шаққанда ғылымды қаржыландыру көлемі 0,13%-ды құрады. Әлемдік тәжірибеде ғылымды қаржыландыру көлемі жалпы ішкі өнімнен 1%-дан асқан кезде нәтижелі деп саналады», - дейді ғылым комитетінің төрағасы.
Айта кетейік, елімізде соңғы үш жыл ішінде ғылым саласына бөлінетін қаржы көлемі 70 пайызға артқан.
Сондай-ақ, ғылымды қаржыландыруға қатысты шешімді ғалымдардың өздері қабылдайтыны белгілі болды.
Одан бөлек, комитет басшысы 1 мыңнан отандық ғалымның саладан кетуіне қатысты түсінік берген еді.