Қазақстанда жасалған көзілдірікке 70 елден тапсырыс түскен

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Елбасының қатысуымен өтіп жатқан Индустрияландырудың екінші бесжылдығы аясындағы жалпыұлттық телекөпірде цифрландыру саласындағы үздік 4 нысан байланысқа шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Телекөпір барысында Павлодар облысынан «BNK Energy» ЖШС басшысы  Жанат Альдебергенов атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

«Орталық Азиядағы ең ірі дата-орталықты іске қосуға рұқсат беруіңізді сұраймыз. Жоба мен есептеуіш құралдардың жалпы құны 5 млрд теңгені құрады. Бүгінде Қазақстанды осы салада көшбасшы ету үшін елімізде барлық қажетті басымдықтар бар. Алдағы жылы біз қуаттылық деңгейін бірнеше есеге арттыру мақсатын қойдық», - деді ол.

Өз кезегінде «Бест Костанай» ЖШС директоры - Видади Юсубов бүгін «Цифрлық Қазақстан» мембағдарламасы аясында толықтай автоматтандырылған ірі диірмен кешені іске қосылатынын атап өтті. Қостанай облысындағы бұл жоба жылына 155 мың тонна ұн өндіруге қауқарлы.

«Біздің облыс жылына 1 млн тоннадан астам ұн шығарады. Осы кәсіпорынды іске қосу арқылы өңірде ұн өндірісі 16 пайызға артады, сондай-ақ экспорт әлеуеті 20 пайызға өседі», - деді В. Юсубов.

Бұдан бөлек, «Digital System Servis» ЖШС бас директоры Марат Мұсабеков елімізде алғаш рет модем, коммутатор мен автоматтандырылған цифрлық телефон стансаларын өндіру зауыты құрылғанын атап өтті.

«Барлық жобалар авторлық құқықпен, патентпен әрі куәліктермен қорғалған. Жергілікті қамту үлесі 50 пайыздан жоғары. Нұрсұлтан Әбішұлы, Астанада өндірілген біздің өнім таяу және алыс шетелге экспортталады», - деді М. Мұсабеков.

Мұнымен қоса, «KAZTECHINNOVATIONS» ЖШС жобалық менеджері Әділ Сұраншин жаңадан салынған радиоэлектроника зауытының мүмкіндіктерін таныстырды.

«Инновациялық технологиялық парк аумағында радиоэлектроника жоғары технологиялық зауытының құрылысы аяқталды. Біз перспективалы 6 жобаны іске асырудамыз, оның екеуі өндіріске шығуға дайын тұр. Біз Қазақстандағы бірінші электронды білезікті жасадық. Жоба қылмыстық жазалау жүйесін ары қарай ізгілендіруге ықпал етеді, бюджет қаржысын жылына 20 млрд теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.  Сонымен қатар, алғаш рет 4 бейне камерасы бар көзілдірікті жасадық. Ол панорамалық видеоны 360º градус режімінде түсіреді. Осы өнімге 70 елден алдын ала тапсырыс келіп түсті. Нұрсұлтан Әбішұлы, еліміздегі 4 цифрлық кәсіпорындағы өндірістерді іске қосуға рұқсат беріңіз», - деді Әділ Сұраншин.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев аталған кәсіпорындарда іске асырылып жатқан жобалар үшін зауыт ұжымдарына алғысын айтып, өндірістерді іске қосуға рұқсат берді.




Фото: hommes.kz

Соңғы жаңалықтар