Қазақстанда жасалған Сібір жарасына қарсы екпе сапасыз болып шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жасалған Сібір жарасына қарсы екпе сапасыз болып шықты. Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінде өткен брифингте белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Былтыр Қазақстанда эпизоотиялық ахуал өте күрделі болды. Өйткені 4 өңірде Сібір жарасының ауру ошағы тіркелді. Қарағанды облысында 2 жағдай, Батыс Қазақстан облысында, Шығыс Қазақстан облысында және Павлодар облыстарында орын алды. Сол оқиғаларға байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті тиісті шаралар атқарды. Жоспар бекітіліп, жергілікті атқарушы органдармен тығыз жұмыстар жасалды. Сонымен бірге жауапкершілікті көтердік, Үкімет тарапынан берілген тапсырмалар орындалды. Сібір жарасынан өлген мал етін көмудің ошақтарын реестрге енгізу тапсырылды. Сатып алынып жатқан екпе дәрілердің сапасын тексеру мақсатында бірталай талаптар қойылды. Ол үшін екпелерді шетелге зерттеуге жібердік. Эфиопия, Украина зертханаларының шығарған қорытындысы бойынша, сапасы сәйкес емес деген қорытынды келді. Вакцинаны жеткізуші компанияға қатысты сотқа жүгіндік, қазір материалдар тергеуге жолданды», - деп атап өтті Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті Биологиялық қауіпсіздік басқармасының басшысы Салтанат Әбілқасымова.

Екпенің сапасын тиісті зертханаларда зерттеп шыққан комитет вакцинаның сапасыз екенін анықтады. Оның өндірушісі қазақстандық компания екені де белгілі болды.

«Қолданған вакцина ­­- қазақстандық өнім. Сонымен қатар белгілі бір партиясы Ресейдікі болған. Екі елдікі. Қазақстандық вакцинаның құрамы сапасыз екені референттік зертхананың тексеруімен белгіленді. Тергеу жалғасуда, оның қорытындысы айтылады», - деді Республикалық ветеринариялық зертхана басшысы Пірімқұл Ибрагимов.

«Екпе мемлекеттік бюджет есебінен жыл сайын жүргізіледі. Ол жұмыстар жасалған, екпенің әрбір партиясы міндетті бақылаудан өтуі тиіс. Олар Қазақстанда тіркелген болуы тиіс. Ол екпелердің барлығы сапасыз болды деуге болмайды. Бірақ сапасы соншалықты жоғары емес. Бірақ барлығы да бірдей сапасыз емес. Екпеге көп факторлар әсер етеді, сақтау кезінде температуралық режим болуы керек. Оны дұрыс қолдануды да білу шарт», - дейді Пірімқұл Ибрагимов.

Соңғы жаңалықтар