Қазақстанда жасанды интеллект қанша жұмыс орнына ықпал етеді
АСТАНА. KAZINFORM — Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун қазірден бастап Қазақстан азаматтарында жасанды интеллект негізі бойынша білім алуына мүмкіндік бар екенін айтты.
Бүгін Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер жасанды интеллект алдағы жылдары қанша жұмыс орнына ықпал етуі мүмкін екенін сұрады.
— Бұл бағыттағы бағалауды Еңбек министрлігі жасайды. Осы орайда бұл ведомствоның вице-министрімен пікір алмасқан едік. Алдағы бес жылда 2,5 млн маман тәуекелге тап болуы мүмкін, себебі осы мамандықтар автоматтандырылуы ықтимал. Соның арасында 1 млн-ға жуық маманның жұмысы жасанды интеллектіні қолдану салдарынан автомандырылуы мүмкін. Бұл тұрғыда бізде тиісті жоспар бар, яғни 2029 жылдың соңына дейін Қазақстанда 1 млн адамды жасанды интеллект негіздеріне оқытамыз, — деді Дмитрий Мун.
Оның айуынша, қазірдің өзінде Astana Hub ресурсында — интернет сайтта алғашқы видео сабақтарды қарауға болады.
— Сондықтан Еңбек министрлігі қай мамандықтар жойылуы мүмкін екенін бағалайды. Ал Жасанды интеллект министрлігі мен Ғылым министрлігі жаңа мамандықтарға қайта оқыту үшін тиісті курстарды даярлайды. Кейбір кәсіптер жойылғанымен, олардың орнына жаңалары келді, — деді вице-министр.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Жасанды интеллект туралы» Заңы мен ілеспе құжат қаралды. Сенат құжаттың жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, оны Мәжіліске қайтарды.
Айта кетейік, 5 жыл ішінде Қазақстанда 1 млн азаматты жасанды интеллект негіздеріне оқыту жоспарлануда. Еліміздің 20 жоғары оқу орнында тиісті білім беру бағдарламалары енгізілді.