Қазақстанда жасанды интеллектіні қауіпті деп есептей ме

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда жасанды интеллектінің дамуына қолдау жасалады. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсынов айтты.

ЖИ, жасанды интеллект
Фото: Canva / Kazinform

Бүгін Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында Қазақстанның жасанды интеллектіге қатысты ұстанымы бойынша сұрақ қойылды. 

- Жасанды интеллект жайлы біздің елдің ұстанымы қандай? Сіздер жалпы осы жасанды интеллект қауіпті деп есептейсіздер ме?, - деп сұрады тілшілер. 

Өз кезегінде Ғ. Байтұрсынов ведомствоның бұл сала бойынша ұстанымын түсіндірді. 

- Біздің негізгі позицияға тоқталсақ, жасанды интеллект адамды алмастыра алмайды, яғни адамның көмекшісі ретінде жұмыс істейді. Бұл дегеніміз — мысалға, қандай да бір жұмысты алсақ, сол процесті жеделдету үшін немесе өзіңнің бір атқарған жұмысыңды нақтылап тексеру үшін, сондай-ақ деректер көп келетін болса, сол ақпаратты алдын ала бір фильтрден өткізу үшін қолданылатын тетік ретінде қарастырамыз, - деді вице-министр.

Оның айтуынша, министрлік жасанды интеллектінің дамуын қолдайды.

- Осы бойынша көптеген жұмыстарды қазіргі уақытта атқарып жатырмыз. Осы жыл «Жасанды интеллект және цифрландыру жылы» болып қабылданды. Сол себепті біз осы ұстанымдамыз, - деді Ғиззат Байтұрсынов.

Бұған дейін хабарланғандай, Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі жасанды интеллектігінің ақылы тарифтерін мектеп оқушылары мен студенттерге тегін жасау мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді