Қазақстанда жасанды интеллект туралы заң жобасы әзірленіп жатыр

жасанды интеллект
Фото: freepik.com

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде цифрлық кодекс және жасанды инттелект туралы заң жобасы әзірлену үстінде. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Инновациялар дамыту департаментінің директоры Дархан Мырзабаев мәлім етті.

«Министрлік жасанды интеллект стратегияларын әзірлеу саласындағы халықаралық тәжірибені талдау негізінде жасанды интеллектті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасын қалыптастырды. Тұжырымдама жобасы қазіргі ахуалды талдауды, халықаралық тәжірибеге шолуды, жасанды интеллектті дамытуды іске асыруды пайымдауды, дамудың негізгі қағидаттары мен тәсілдерін, нысаналы индикаторларды және күтілетін нәтижелерді қамтиды. Сондай-ақ тұжырымдама жобасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары көзделген», - деді Дархан Мырзабаев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында. 

Жоспар 5 негізгі бағыттан тұрады – инфрақұрылым, деректер, адами капитал, ҒЗТКЖ (Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар) және жасанды интеллект экономикасы. 

«Сонымен қатар, министрлік сараптамалық қоғамдастықпен және ҚР Парламенті Мәжілісінің Парламентаризм институтымен бірлесіп цифрландырудың басшылық қағидаттарын бекітетін тұтас салалық құжатты әзірлеу бойынша жұмыс жүргізуде. Цифрлық кодексті әзірлеу заң жобалау жұмыстарының 2024 жылға арналған жоспарына енгізілді. Бұл құжат келесі блоктардан тұрады: Жалпы ережелер (тұжырымдамалық аппарат, негізгі міндеттер мен принциптер, құқықтық қатынастардың субъектілері мен объектілері, құқықтар мен міндеттер), негізгі бөлім (цифрлық үкімет, деректер, жасанды интеллект, цифрлық инфрақұрылым және құралдар, киберқауіпсіздік)», - дейді ол. 

Оның айтуынша, тұжырымдама негізінде жасанды интеллект технологияларын қолдану, аталған жүйенің қауіпсіз жұмыс істеуі жөніндегі нормалар, жасанды интеллект этикасының қағидаттары мен оны пайдалануда ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету көзделеді. 

«Мәжіліс депутаттары министрлікпен бірлесіп, жасанды интеллектіні құру, дамыту және пайдалану кезінде мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар арасында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған жасанды интеллект бойынша заң жобасы әзірленіп жатыр», - деді Д. Мырзабаев.

Соңғы жаңалықтар