Қазақстанда жастар ұйымдарының бастамасымен «Болашақ бүгіннен басталады!» ақпараттық-әлеуметтік науқан басталды.
АСТАНА. 2 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақстанда жастар ұйымдарының бастамасымен «Болашақ бүгіннен басталады» ақпараттық-әлеуметтік науқан басталды.
Бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихаты кезінде ұйымдастырушылар оның аясында 200-ге жуық іс-шара мен қайырымдылық акциясын өткізуді жоспарлап отырғандықтарын мәлім етті.
Қазақстан жастары конгресінің атқарушы директоры Шахмардан Баймановтың айтуынша, шара Тараз қаласында ҚР Тұңғыш Президентінің аллеясында ағаш отырғызудан бастау алмақ. Кейін мұндай акция Қызылорда қаласында өткізілмек. Ал Павлодар және Қостанай қалаларында өнертапқыш балалардың инновациялық көрмелері ұйымдастырылады. «Жасыл ел» жастар жасағы шара шеңберінде жыл соңына дейін ел аумағында 10 мың түп тал отырғызуды мақсат етіп отыр.
«Бұл жерде бес-алты ұйымның бастамасы емес, 300-ге жуық ұйымның қатысу көзделуде. Азаматтық альянстың, Жасыл ел, Жас қыран, Жас Ұлан сынды ұйымдардың жер-жерлердегі өкілдіктері атсалысады. Болашақ бүгіннен басталады және ол ісімізбен дәлелденуі тиіс», - дейді Шахмардан Байманов.