Қазақстанда «жасыл» энергияны сатып алу бойынша алғашқы аукцион 2018 жылы өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев баламалы қуат көздерінен алынатын энергияға ие болу мақсатында Қазақстанда алғашқы аукционның қашан өтетінін атады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«2018 жылы біз баламалы қуат көздері (БҚК) бойынша пилотты аукцион өткізуді жоспарлап отырмыз. Меніңше, ондағы ашықтық пен шарттардың тиімділігі бұл аукционды халықаралық дәрежеге жеткізер деген үміттемін. Ол бізге БҚК-ға деген тарифті төмендетіп, бұл саладағы халықаралық ірі ойыншыларды тартуға сеп болар деген сенім бар. Айта кетерлігі, бізде бір ай бұрын ғана баламалы қуат көздері бойынша тіркелген баға бар еді. Мәселен, ондағы көрсеткіш бойынша оның бағасы 10-11 цент болатын. Бұл теңгеге шаққанда 34-36 теңге», - дейді энергетика министрі.
Оның айтуынша, Сауд Арабиясы өткізген соңғы аукционда Masdar компаниясы бағасы 1,8 центтік 800 мегават қуат көзін ұтып алған.
Министр сонымен бірге, аукционды өткізудің арқасында еліміздегі «жасыл» энергияның тарифі арзан болатынына сенім білдірді. Қанат Бозымбаев сонымен бірге, Қазақстандағы баламалы қуат көздерін дамыту мақсатында халықаралық қаржы институттарымен келісім жасалғанын, Еуропа банкі бұл бағытта 200 миллион еуро, сондай-ақ Қазақстандағы БҚК жобалары үшін тағы да 480 млн еуро бөлгелі отырғанын жеткізді.