Қазақстанда «жасыл» қор құрылады

  АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда баламалы қуат көздерінің жобаларын іске асыруға арналған «жасыл» қор құрылады. Ол қорға «Green Capital Management» компаниясы жетекшілік етпек. Бұл жайлы «Жасыл өсім» форумында «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының» басшысы Рәпіл Жошыбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанда «жасыл» қор құрылады

Рәпіл Жошыбаевтың айтуынша, «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» қазақстандық өнертапқыштардың жаңа технологиялары мен өнімдеріне гранттар және микронесиелер беру, оларды коммерцияландыру бағытына баса назар аударады. Осы ретте орталық «Астана» Халықаралық қаржы орталығымен бірлесе аталмыш саланы қаржыландыру бағдарламасын жасақтауды көздеуде. 

null«Қазіргі уақытта орталық инвестицияға баса көңіл бөліп отыр. Бұл ретте біз қазақстандық және аймақтық жобаларға аналитикалық және сарапшылық ресурстарды тартқымыз келеді. Әлбетте, ол ресурстар энергияның баламалы көздеріне, таза технологиялар мен «Green Capital Management» атты арнайы құрылыммен (компания) байланысты болады», - дейді ол «Astana Finance Days» шарасы аясында өткен форумда.

Рәпіл Жошыбаев сонымен қатар, алдағы уақытта Қазақстанда баламалы қуат көздерін өндірістерге көптеп тарту үшін жаңа қорлар ашылатынын атап өтті.

«Алдағы уақытта аталмыш «жасыл» қор АХҚО-ның ерекше құқықтық тәртібі аясында жұмыс жүргізеді деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, компания тікелей инвестициялардың қорларын басқаруды серіктестерімен немесе өзі жеке басқара алатындай мүмкіндікке ие болады. Қорлар өзінің салалық талаптары мен әртүрлі елдердегі серіктестері бойынша бөлінеді. Мәселен, жобалар негізінде «Баламалы қуат көздерінің қоры», «Орталық Азияның тұрақты энергетикасы қоры» және «Жасыл технологиялар қоры» секілді қорларды ашу жоспарланған. Ал жоғары технологиялы компаниялар мен өнімдерді қаржыландыру үшін Венчурлық қор құрылады», - дейді Рәпіл Жошыбаев.

Жоспар бойынша, «Green Capital Management» капиталға институционалдық инвесторларды, жеке қаржы институттарын немесе халықаралық ұйымдарды тартатын Тікелей инвестициялар қорларының бас серіктесі болмақ. Сәйкесінше, аталмыш қорлар жобалардан ІРО арқылы биржаға шығарылады. Ал «жасыл» жобаларды қаржыландыру бойынша «жасыл» облигациялар АХҚО базасында құрылады.