Қазақстанда жайылымдық жерлерді қалай сақтап қалуға болады
ОРАЛ. KAZINFORM — Қазіргі кезде Қазақстан аумағындағы жайылымдық жерлердің жай-күйі қалай? Оның тозу деңгейі ше? Жайылымдық жерлерді сақтап қалу бағытында не істеліп жатыр? Міне, осы орайда Kazinform тілшісі мәселені саралап көрген еді.
Зерттеу қорытындылары нені көрсетті?
Ауыл шаруашылығы министрлігінен мәлім еткеніндей, бүгінгі таңда Қазақстан аумағында 182,9 млн га жайылымдық жер бар.
Еліміздегі жалпы жер аумағы 272,5 млн га болса, оның ішінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге бекітілген жерлердің ауданы – шамамен 117 млн га.
Министрлік мәліметіне қарағанда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 1 қыркүйектегі № 755 қаулысына сәйкес «Жерлерге зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылды. Кәсіпорын «Жер ресурстары туралы ақпараттың қолжетімділігін арттыру» бюджеттік бағдарламасы аясында республика бойынша жерлердің сапалық жай-күйін анықтау, топырақ құнарлылығын бағалау және жерлердің тозу процестерін бақылау мақсатында жыл сайын топырақтық, геоботаникалық, агрохимиялық зерттеп-қарау және топырақ бонитетін анықтау жұмыстарын жүргізуде.
Атап айтқанда, 2026 жылы топырақтық зерттеп-қарау – 7 млн га, геоботаникалық зерттеп-қарау – 7,5 млн га, агрохимиялық зерттеп-қарау – 3,8 млн га және топырақ бонитетін анықтау 5,4 млн га көлемінде атқарылуда.
Бұған дейін жүргізілген зерттеп-қарау жұмыстарының нәтижелері
бойынша жалпы ауданы 53,5 млн га жердің 2,7 млн гектары, яғни шамамен 5 пайызы әртүрлі дәрежеде тозуға ұшырағаны анықталды.
Сонымен қатар топырақ құнарлылығын сақтау, жерлердің тозуының алдын алу және оларды қорғау мақсатында 2026 жылғы 8 шілдеде «Топырақты қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Аталған Заңда топырақты қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау тетіктерін күшейту және жер пайдаланушылардың топырақтың сапалық жай-күйін сақтауға қатысты жауапкершілігін арттыру көзделген.
Зерттеп-қарау жұмыстарының қорытындысы бойынша жерлердің сапалық жай-күйі туралы материалдар мен оларды ұтымды пайдалану, топырақ құнарлылығын арттыру, тозу процестерінің алдын алу және тозған жерлерді қалпына келтіру жөніндегі ұсынымдар тиісті жергілікті атқарушы органдарға берілуде.
Өз кезегінде жергілікті атқарушы органдар «Жайылымдар туралы» ҚР Заңына сәйкес жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарларды әзірлейді. Аталған жоспарлар шеңберінде жайылымдарды ұтымды пайдалану, жайылым айналымын ұйымдастыру, мал жаю жүктемесін реттеу және тозған жайылымдарды қалпына келтіру бойынша тиісті іс-шаралар жүргізілуде.
Жайылымдық жерлер тиімді пайдаланылып отыр ма?
Жайылымдарды тиімді пайдаланудың маңызы зор екендігі түсінікті. Осы орайда Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлімдеуінше, «Жайылымдар туралы» ҚР Заңы 8-бабының 1-тармағына сәйкес жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды бекіту ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті өкілді органының құзыретіне жатады.
Заңның 7-бабы 2-тармағына сәйкес облыстың жергілікті атқарушы органының құзыретіне жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарлардың іске асырылуын мониторингілеуді жүзеге асыру кіреді.
Бұл ретте жайылым пайдаланушы Заңның 11-бабы 2-тармағында көрсетілген міндеттерді орындауға міндетті (жайылымдарды беру шарттарына сәйкес жайылымдарды нысаналы мақсаты бойынша ұтымды пайдалану, жайылым айналымдары схемасын сақтау, басқа жайылым пайдаланушылардың құқықтарын бұзбау).
Ал ҚР Жер заңнамасының 92-бабы 3-тармағына сәйкес шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге арналған жер учаскесін пайдаланбау фактісі бойынша қандай шара қолданылады? Алғаш рет анықталған кезден бастап бір жыл бойы мақсатына сай пайдаланылмаса, мұндай жер учаскесi осы Кодекстiң 94-бабында көзделген тәртiппен мәжбүрлеп алып қоюға жатады.
2026 жылдың басынан бері Жер ресурстарын басқару комитетінің аумақтық бөлімшелері жерлерді тиімді пайдалануға қатысты жалпы алаңы 1,6 млн гектар 1 300-ден астам жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеріс қорытындылары бойынша жер заңнамасының бұзушылықтарын жою туралы 1,1 млн теңге көлемінде 943 нұсқама енгізілген.
Қайтарылған жерлер ел игілігіне айнала ма?
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес кері қайтарылған жайылымдық жерлер ауыл тұрғындары мен нақты жоспары бар инвесторларға берілуі тиіс. Бұл ретте жердің қайта бос қалмағаны, ұтымды игерілгені керек.
Министрлік дерегінше, Президент 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында Үкіметке қайтарылған ауыл шаруашылығы алқаптарын тұрақты айналымға тартуды қамтамасыз етуді тапсырған болатын.
Дегенмен, пайдаланылмайтын учаскелерді, сондай-ақ заңнаманы бұза отырып берілген жерлерді қайтару, оларды кейіннен айналымға тарту жұмыстары 2022 жылы басталды.
Осы мақсатта 2022 жылы жұмыс комиссиясы құрылды. Қазіргі уақытта комиссияның жұмысы қайтарылған жерлердің әділ қайта бөлінуін және олардың ауыл шаруашылығы айналымына тартылуын бақылауға қайта бағдарланды.
Оның қызметінің қорытындысы бойынша 2022 жылдан бері мемлекет меншігіне 15,7 млн га ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылды.
Жер заңнамасына сәйкес қайтарылған жерлерді қайта бөлуді жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.
Жергілікті халықтың жайылымдарға деген қажеттілігін қамтамасыз етуге, ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту үшін жағдайлар жасауға, халықты жұмыспен қамтуға және инвестициялар тартуға ерекше назар аударылады.
Сонымен қатар, инвесторларға жер учаскелерін беру кезінде инвестициялық жобалардың нақтылығы, оларды іске асыру мүмкіндіктеріне басымдық беріліп, облыс әкімдігі жанындағы өңірлік үйлестіру кеңесінің (ӨҮК) отырыстарында қаралуда.
Қайтарылған жерлердің 13,5 млн гектары ауыл шаруашылығы айналымына қайта бөлінген. Атап айтқанда, оның 8,0 млн гектары конкурстық негізде, 5,0 млн гектары мал жаю үшін жергілікті халықтың жалпы пайдалануына берілді.
Қазақстандағы жайылым тапшылығы қанша?
Ауылдық жерлерде жайылымның жетіспейтіні жасырын емес. Бұл туралы тұрғындар мәселе көтеріп, құзыретті органдарға шағымданып жатады.
Министрліктің хабарлауынша, қазіргі уақытта «Жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды және жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі үлгілік жоспарды іске асыру шеңберінде 197 өңірлік жоспар қайта бекітілуге тиіс. Соның ішінде күні бүгінге дейін 190-ы 5 жыл мерзімге қайта бекітілді.
Сонымен қатар жер қатынастары саласындағы уәкілетті органдар жергілікті халықтың мал жаюы үшін жайылымдық алқаптардың жетіспеушілігі мәселесін жүйелі шешу бойынша жұмысты жалғастыруда.
Елді мекендердің тұрғындарын мал жаюға арналған жайылымдық алқаптардың жалпы тапшылығын ескере отырып, мемлекет меншігіне қайтарылған 5 млн га жер жергілікті халыққа басым тәртіппен бекітілді.
Қабылданған шаралар, сондай-ақ жергілікті халықтың мал басын қайта есептеу нәтижесінде жайылым тапшылығы 2023 жылмен салыстырғанда 31 пайызға (8,4 млн гектардан 2,6 млн гектарға дейін) қысқарды.
Ғалымның пайымы қандай?
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті сынақ орталығы агрохимиялық талдау зертханасының меңгерушісі, осы оқу орны ветеринария және агротехнология институтының оқытушысы, философия докторы (PhD) Мадияр Қиясовтың айтуынша, жайылымдық жерлер көптеген жылдар бойы миллиондаған ауыл шаруашылығы жануарлары үшін азықтық базаны қалыптастырып, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келді.
Қазақстандағы жайылымдық жер көлемі кейбір көздерде 189 млн, енді бірінде 183 млн гектар деп көрсетілген, бұл – ел аумағының шамамен 70 пайызына тең. Бұл көрсеткіш жөнінен Қазақстан әлемде Қытай, Аустралия, АҚШ және Бразилиядан кейін бесінші, ал жайылымды мал басына шаққанда, бірінші орын алады.
- Алайда соңғы ондаған жылдар бойы климаттың өзгеруіне, антропогендік қысымның шектен тыс артуына, тиімді басқару жүйесінің жоқтығына байланысты жайылымдық жерлердің тозуы жеделдей түскені байқалады. Ғарыштық мониторинг деректеріне сәйкес жайылымдардың 87 пайыздайы нашар немесе өте нашар жағдайда, ал 27 млн гектары әбден тозған болып саналады. 10 пайызы қанағаттанарлық, 2 пайызы жақсы күйде болса, өте жақсысы 1 пайызға жетпейді, - дейді М.Қиясов.
Ғалымның пайымдауынша, тозу үдерісі суаттар инфрақұрылымы, жайылымдық жер айналымы мен ауыстырып жаю жүйесі жоғалған кезде басталды. Салдарынан соңғы үш онжылдықта табиғи жайылымдар өнімділігі орта есеппен 30-40 пайызға, ал жартылай шөлейт аймақтарда тең жартысынан астам көлемге азайды. Орташа өнімділік гектарына 8-10 центнерден 3-4 центнерге дейін төмендеді. Тозған учаскелерде гектарына 1-2 центнерден аспайды.
Мадияр Ғалымжанұлының сөзіне қарағанда, өңірлердің басым көпшілігінде жағдай өткір күйінде қалып отыр. 17 облыстың 15-інде жайылымның 80 пайыздан астамы толыққанды өсімдік жамылғысынан айырылған немесе ішінара тозған. Ең ауыр жағдай Маңғыстау облысында қалыптасып отыр, онда жайылымның 99,4 пайызы жарамсыз деп танылған. Ең анағұрлым зардап шеккендер қатарына Атырау, Ұлытау, Жамбыл және Түркістан облыстарын қосуға болады, бұларда тозу деңгейі 93-98 пайызға жеткен. Салыстырмалы түрде алғанда, Қостанай мен Шығыс Қазақстан облыстарында жағдай жақсырақ, мұнда проблемалық жер үлесі – сәйкесінше 57,4 және 72,2 пайыз.
Табиғи аймақтар бойынша тозу деңгейі әртүрлі болып келеді. Далалық аймақта шөп тапталатын болса, жартылай шөлейт жерлер жел және су эрозиясына ұшырайды, ал шөлейт аумақтарды тұз басып, өсімдіктен толықтай айырылады. Әсіресе, шөлейттену үдерісі батыс және оңтүстік өңірлерде – Батыс Қазақстан, Атырау және Қызылорда облыстарында байқалады.
Ғарыштық мониторинг мәліметіне сәйкес соңғы он жылда өсімдік индексінің көрсеткіші 20 пайыз дерлік төмендеген, бұл шөп тығыз өскен жайылым алаңының қысқарғанын білдіреді. Көптеген учаскелерде түрлі құнарлы шөптің орнын аз өнімді және мал жемейтін өсімдіктер басқан.
Жердің тозуына малдың көбеюі, ауыстырып жаятын жайылымның жоқтығы, топырақтың тығыздалуы және аумақтардың тиімді пайдаланылмауы әсер етеді. Мысалы, елді мекендерден 5-7 шақырым қашықтықтағы жайылымдық жерлердің 60 пайыздайы шектен тыс жүктемеден тозса, алыстағы жерлер суат пен тиісті инфрақұрылымның жоқтығынан пайдаланылмай қала береді.
Өсімдіктің нашарлауымен бірге топырақ қабаты да тозады. Сол себепті мұндай жайылымдардағы қара шірінді көлемі 3,5-4 пайыздан 1,2-1,8, кей аумақтарда 0,8 пайызға дейін азаяды. Топырақ құрылымының бұзылуы олардың су ұстау қабілетінің төмендеуіне, эрозияның өршуіне соқтырады. Құрғақшылық жайлаған аймақтарда тұздану қайталанып, топырақтың беткі қабаты желмен ұшып, өсімдік жамылғысының қалпына келуін одан сайын қиындатады.
- Мұның бәрі мал шаруашылығының тиімсіз болуына, өнімнің өзіндік құны өсіп, отандық ет пен сүттің қабілетінің төмендеуіне әсер етеді. Жайылымдар мәселесі тек экологиялық қана емес, әлеуметтік-экономикалық сипат алды. Бірқатар өңірлерде жайылымның тозуы мал басы қысқарып, ауыл тұрғындарының табысы қысқаруына әкелді. Бұл аграрлық аумақтар дамуын тежеп, көші-қон үдерісін тездетеді. Мәселенің стратегиялық маңыздылығын ескере отырып, оны шешу бағытында мемлекет шаралар қабылдауда. Соңғы жылдары жайылымдық жерлерді түгендеу, пайдаланылмай жатқандарын кері қайтару жұмыстары жүргізілуде. Тозған жерлерді қалпына келтіру және суару инфрақұрылымын қайта құру бағытында зерттеу жобалары жүзеге асырылуда. Қорыта айтқанда, жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану мемлекеттің стратегиялық міндеті ретінде қарастырылуда. Бұл кешенді ғылыми, ұйымдастыру және басқару шешімдерін қабылдауды талап етеді. Ғылыми мониторингке, заманауи агротехнологияларға және ауылдағы қауымдастықтардың белсенді қатысуына негізделген жүйелі тәсіл ғана жайылымдық жерді сақтап қала алады, - деп түйіндеді ойын М.Қиясов.
Тұрғындар не дейді?
Бәйтерек ауданы Болашақ елді мекенінің тұрғыны Нұрмұханбет Даулиев ауыл халқының жалғыз күнкөріс көзі мал екендігін айтады.
- Әу бастан «Мал-жан аман ба?» деп саулық сұрасқан елміз. Сондықтан малсыз күн көре алмайтынымыз анық. Осындай жағдайда ауыл тұрғындарына тиесілі жайылымдық жерлердің таныс-тамыр арқылы жекеге беріліп кетуі бүгінгі таңда үлкен мәселеге айналып отыр. Соның бірі өзім тұратын Болашақ ауылы тұрғындарының басынан өтті. 217 гектар жайылымдық жер жекеге негізсіз беріліп, әкімдер мұны көріп-біліп отырса да, нақты шешім қабылданбады. Жергілікті тұрғындар өз жерін қайтарып алу үшін анда-мұнда шапқылап, заңгер іздеді. Ақыры қоғам белсендісі, заңгер Бауыржан Ахметжанның халықпен біріге отырып жасаған қызметінің арқасында жыл жарымнан кейін ғана жер сот шешімімен кері қайтарылды. Бұл жалқаулыққа салынбай, кері тартпай, жайылымдық жерді пайдалануда өз құқығымызды қорғай білу керектігін көрсетеді, - деді Н.Даулиев.
Бөкей ордасы ауданы Бисен ауылының тұрғыны Алтай Молдашевтің пікірінше, ауылдық жерде жайылымның жетіспеуі, азып-тозуы бара-бара бұдан да аса өткір мәселеге айналуы мүмкін.
- Мұның себептері мынада. Байлардың ерте заманда көктемде жайлауға көшіп, қыстаққа қыс түсер мезгілде қайтқаны белгілі. Бұл дәстүр кеңес дәуірінде де сақталды. Малшы-шопандар сөйтетін. Қазіргі таңда фермерлер қысы-жазы бір жерде отырады. Мал тұяғы қоя ма, соның кесірінен жер тозады. Қыр ғана емес, «сырты – дала, іші – пана» Нарын құмының өзі азып барады. Екіншіден, қазір техника баршылық, сондықтан қолында барлар қылтиған шөпті шауып алады. Салдарынан мал жайылатын жер қалмайды. Қазақты жер дауы да аз сарсаңға салмаған. Сондықтан мұның бәрі заңдық негізде реттелмесе, жергілікті атқарушы органдар тарапынан ықпал жасалмаса, түбінде ауыр салдарға соқтыруы ықтимал, - деді А.Молдашев.
Міне, осылайша, жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану, оларды келешек ұрпақ үшін де сақтап қалу керектігі күмән тудырмайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да ауыл тұрғындарының жайылымдық жері сатылып кеткені рас па, соны жазған едік.
БҚО-да ауыл тұрғындары жайылым жер жоқтығын айтып шағымданды.