Қазақстанда жайылымдарды тиімсіз пайдалану олардың тозу қаупін ұлғайтып отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жайылымдарды тиімсіз пайдалану олардың тозу қаупін ұлғайтып отыр. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде «Жайылымдар туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында депутат Жексенбай Дүйсебаев мәлім етті. Айта кетейік, заң жобасы Мемлекет басшысы айқындаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 35, 97-ші қадамдарын іске асыру және «Қазақстан-2050» Стратегиясында жүктелген міндеттерді орындау мақсатында әзірленген.
None
None

Депутаттың сөзіне қарағанда, республикамызда ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жерлер 200 млн. гектар болса, соның 187 миллион гектарын жайылым жерлері құрайды.

«Солай бола тұра, ауыл тұрғындары тарапынан мал бағатын жер жоқ деген мәселені есту - бұл әрине, нонсенс. Сонымен қатар, республикамыздағы мал басының саны бар-жоғы 26 миллион. Бұдан бөлек, біздегі мал жайылымдарының барлығы дерлік елді мекендердің маңынан алыстамай қалды, осылайша жыл сайын мал жайылымы тиісті ережелерді сақтамай, ондай учаскелерді ауыстырып тұруға қатысты мерзімділігі сақталмай жүріп жатыр. Бұның салдарынан қазірдің өзінде республика бойынша 27 миллион гектарға жеткен жердің тозу көрсеткіші одан сайын арту тәуекелдерін туғызады», - деді Ж. Дүйсебаев.

Оның айтуынша, елді мекен маңындағы жайылымдар «демалыссыз» пайдаланылса, шалғайдағы жайылымдар тиімсіз, не болмаса мүлдем пайдаланылмай отыр.

«Осыдан-ақ жайылымдарды тиімді пайдалану бойынша теңгерімді қадамның сақталмай отырғанын аңғарамыз. Сонымен қатар, жаңарып тұратын жайылым ресурстарының жыл сайынғы нәрлілігі 25-тен 30 миллион жем бірлігін құрайтынын да естен шығармау керек. Жем-шөп қорының мұндай ресурсы мал шаруашылығын дамыту үшін жем-шөп өндірісінің негізі болуы керек», - деді депутат Ж. Дүйсебаев.

Айта кетейік, заң жобасы еліміздегі жайылымдар инфрақұрылымын жақсартуға, жайылым жерлердің тозуын болдырмауға, олардың қоршаған орта экожүйесіндегі экологиялық тұтастығын сақтауға бағытталады. Бұдан бөлек, құжатта экологиялық таза мал өнімдерін өндіруді арттыру мәселелері қарастырылып отыр.

Соңғы жаңалықтар