Қазақстанда жеке кәсіпкерлер саны қанша
«Биыл шағын бизнес субъектілерін яғни жеке кәсіпкерлерді кірістер салығынан босату мерзімі аяқталды. Елімізде соңғы 3 жыл ішінде жеке кәсіпкерлердің саны 1,1 миллионнан 1,6 миллионға дейін артты. Өткен жылғы есеп бойынша әр жеке кәсіпкердің орташа табысы 9,2 миллион теңгені құрады. 2019 жылы бұл көрсеткіш 5,1 миллион теңге болған», - деді Данияр Жанәлінов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ комитет басшысы жекелеген кәсіпкерлер жалдамалы жұмысшыларды жасыратынын айтып отыр.
«Жеке кәсіпкерлердің жалдамалы жұмысшыларды көрсетпеуі үлкен проблемаға айналып отыр. Бұл дегеніміз жалдамалы жұмысшылардың зейнетақы және әлеуметтік төлемдерді ала алмай, медициналық қызметке жүгінгенде шектеулерге әкеп соғады. Бүгінде 1,2 миллион жеке кәсіпкерде жалдамалы жұмысшы жоқ, ал 89,3 мың кәсіпкерде 1 ғана жалдамалы жұмысшы бар. Жалпы еліміздегі кәсіпкерлердің тек 9,5 пайызында ғана 5-тен астам қызметкері бар. Кәсіпкерлерді ынталандырып, көлеңкедегі жұмысшыларын жасырмау мақсатында биылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еңбекақы төлеу қорынан 20 пайызы мөлшерінде бірыңғай төлем жасау енгізілді», - дейді ведомство басшысы.