Қазақстанда жел және су электр стансалары рентабельді болып саналады

Еске сала кетсек, бүгін жалпы отырыста Сенат «Жаңартылатын энергия жөніндегі халықаралық агенттіктің Жарғысын ратификациялау туралы» құжатты талқылаған болатын.
«Әлемдік баспасөзде жел электр стансалары ірі ауқымда рентабельді емес деген пікір айтылады. Технология да, сосын қашықта орналасқан нысандарға оның жеткізілімі де қиындау секілді. Жергілікті жердегісі түсінікті ғой. Дегенмен, осы мәселені қалай зерделедіңіздер?» деп сұрады сенатор Мұхтар Алтынбаев.
Ал министр Әсет Исекешевтың айтуынша, былтырғы жылы жаңартылатын энергетика жөніндегі жоспарды қабылдау барысында әлемдік тәжірибелер жан-жақты сараланған.
«Мемлекет басшысы 2020 жылға дейінгі энергия теңгерімі туралы жоспарды шілде айына дейін әзірлеуді тапсырған болатын. Онда көмір энергетикасы, атом энергетикасы, жел және күн энергетикаларының және тағы басқаларының үлестері нақты айқындалады. Ал бүгінгі нақты жағдайға келсек, қазір энергия теңгерімі бойынша бізде балама күн, жел, су энергетикалары жұмыс істеуде. Бұл ретте ең арзан әрі экономикалық тиімдісі су және жел электр стансасы болып табылады. Ал күн энергетикасы әлем бойынша қымбат қуатқа жатады және барлық аймақта ол субсидияланады. Егер шығынды кешенді түрде қарастырсақ, онда жаңартылатын нысандарда операциялық шығындар жоқ. Ал жалпы сараптамалардың негізінде біз жел және су электр стансаларының елімізде әлеуеті жоғары деп санаймыз», - деді министр Ә. Исекешев.
Оның айтуынша, су электр стансалары негізінен 4 облыста (Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында) әлеуетті саналса, жел электр стансалары Маңғыстау, Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарында салуға тиімді.