Қазақстанда Жеңістің 70 жылдығы аясында 50-ден астам іс-шара өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Үкіметінің Қаулысына сәйкес бекітілген Қазақстан Республикасында Жеңістің 70 жылдығына дайындық және өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарында 50-ден астам шара қарастырылған. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінен хабарланды.

Қазақстанда Жеңістің 70 жылдығы аясында 50-ден астам іс-шара өтеді

Атап айтқанда, осы шаралардың аясында соғыс ардагерлерін «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл» мерейтойлық медалімен марапаттау; Астана қаласында соғыс ардагерлерінің және тыл еңбеккерлерінің қатысуымен Отан қорғаушылар күніне және Жеңістің 70 жылдығына арналған әскери шеру өткізу; бұған дейін баспана алмаған соғысқа қатысқандар мен мүгедектерді баспанамен қамтамасыз ету; соғысқа қатысқандар мен мүгедектерге тұрмыстарына көмек көрсету және үйлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізуді қарастыратын «Ардағым - ардагерім» акциясын өткізу қамтылған.

Сонымен қатар Ұлы Отан соғысы ардагерлерін әлеуметтік қолдаудың қосымша түрлері ұйымдастыру, яғни Қазақстан Республикасы аумағында және ТМД елдеріне темір жол және әуе көлігімен бір рет тегін барып-қайтуын қамтамасыз ету, ҰОС-қа қатысқандар мен мүгедектеріне шипажайда емделуді ұсыну, сондай-ақ басқа ла бірқатар іс-шаралар ұйымдастыру ескерілген.

Мұнымен қоса, салтанатты жиындар, концерттер, кездесулер, кітаптардың тұсаукесерлері, фото және кітап көрмелері, спектакльдер, студенттер мен оқу орындары оқушыларының, жастар ұйымдарының қатысуымен мерекелік шерулер өткізу жоспарлануда.

2015 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, Қазақстанда 5 037 - Ұлы Отан соғысына қатысқандар мен мүгедектер, 1 434 - Жеңіске қосқан үлесі үшін Ұлы Отан соғысына қатысқандар мен мүгедектерге теңестірілген тұлғалар, 195 - қайтыс болған (із-түссіз жоғалып кеткен) сарбаздардың жесірлері тұрады.