Қазақстанда жер банкін құру ұсынылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жер банкін құру ұсынылды. Мұндай бастаманы табиғатты қорғау заңнамасы жөніндегі тәуелсіз сарапшы Александр Мирошниченко көтерді.
«Жер банктерін құру қажет. Сонда кепілдік және сақтандыру аудиттері жерді тиімді пайдалануға түрткі болады. Аталмыш рәсімдер барысында жердің экологиялық жағдайы мен топырағының сапасы бағаланады», - деді ҚР Парламенті депутаттары мен халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлеріне арналған «Жасыл» экономика саласындағы заңнамалық актілерді жетілдіру» тақырыбында өткен семинар-тренингте А. Мирошниченко.
«Бұл өте қажетті элемент. Бұдан бұрын бағалау жұмыстарын «гипрозем» жүргізген, бұған миллиондаған доллар жұмсалды, өйткені жер 100 пайыз мемлекетке тиесілі болатын. Қазір жағдай мүлдем басқа, адамдарды осылай жерді бағалауға мәжбүрлейтін қандай да бір экономикалық тетік керек. Аудит рәсімін жүргізетін жер банктері осы жұмысты атқарар еді», - деп түйіндеді сөзін А.Мирошниченко.