Қазақстанда жер қанша тұрады

АСТАНА. KAZINFORM - Елімізде халық жерді Қазақстан заңнамасында рұқсат етілген тәртіпте көбіне үй немесе саяжай салу секілді мақсатпен сатып алады. Одан кейінгі орында ауыл шаруашылығына арналған жер телімдерін алу тұр. Осы секілді жерлердің құны ел өңірлерінде қанша теңгеге бағаланады? Kazinform осы тақырыпта шолу жасап көрді.

жер учаскесі
Коллаж: freepik/pixabay

Атап өтерлік жайт, ең төменгі баға мен ең жоғарғы баға арасындағы алшақтық тым үлкен. Жер телімдерінің құны қанша тұратынын жан-жақты ашып көрсету үшін облыс орталығының аумағына кіретін және одан тыс территориядағы жеке тұрғын үй салуға арналған жер учаскелері, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері мысалға алынды.

Жеке тұрғын үй салуға арналған жер телімдері қанша тұрады?

Жеке тұрғын үй құрылысының бағасы көп жағдайда инфрақұрылымның бар-жоғына, инженерлік және коммуникациялық желілердің тартылғанына, орналасқан жеріне (қала аумағында әлде қала сыртында орналасуы) байланысты қалыптасады. Кейбір учаскелер архитектуралық құрылымымен сатылады, бұндай жағдайда бағасы да жоғары болатыны түсінікті.

Шолуды әзірлеу барысында сатылатын жер телімдерінің ең жиі кездесетін аумағына мән берілді. Жылжымайтын мүлік сату жарнамалары орналастырылған сайттардағы деректерге сүйенсек, бұл — ештеңе салынбаған 6 және 10 сотық жерлер.

Басқа өңірлермен салыстырғанда жер учаскелері Түркістанда, Өскеменде, Жезқазған және Петропавлда арзанырақ. Мәселен, Түркістанда 6 сотық жердің орташа бағасы 5 млн теңге, ал 10 сотық жер шамамен 14-15 млн теңге тұрады. Қала маңында сәл арзанырақ — 2,5 млн теңге.

жер
Инфографика: Kazinform

 

Өскеменде 6 сотық жер орташа алғанда 5,4 млн теңге, 10 сотық жер 11 млн теңге тұрады. Қала маңындағы жерлер болса 450 мың мен 3,5 млн теңге арасында сатылады.

Жезқазғанда аумағы 6 сотық жерді 5,5 млн теңге шамасында сатып алуға болады. Ал 10 сотық жер орташа есеппен 12,6 млн-ға бағаланады.

Петропавлда 6 сотық жер 6 млн тұрады. 10 сотық жер қала аумағында 9 млн-ға, қала маңында 600 мыңнан саудаланады.

Қонаев қаласында 6 сотық жер алу үшін сатып алушы 7 млн теңге төлеуі керек. Ал 10 сотық жерге 18 млн шығындауына тура келеді. Саяжай аумағында және қала маңында баға сәл төмен — 1,5 млн теңгеден басталады.

Павлодарда 6 сотық жердің бағасы 7 млн теңге шамасында тұр. 10 сотық жер болса, 15 млн теңгеге шығады. Қала территориясының сызығынан сырт жердегі учаскелер мұнда да арзанырақ болады: 10 сотығы — 1 млн теңге.

Талдықорғанда 6 сотық жердің орташа бағасы 7,5 млн теңгеге жетеді. Қала маңындағы жер болса, 2 млн теңгеден басталады. 10 сотық жер қала аумағында 12-15 млн теңге тұрады. Ал саяжайларда 1 млн теңгеге бағаланады.

Семейде 6 сотық жер кейбір қалалармен салыстырғанда жоғары тұрғаны байқалады. 6 сотық жердің бағасы 9 млн-ға жетеді. 10 сотық болса — 13 млн теңге. Қала маңындағы жерлер 800 мыңнан басталып сатылады.

Ақтөбеде 6 сотық жер орташа алғанда 9,5 млн теңге, қала сыртында 2-3,5 млн теңге тұрады. Қалада басым сұранысқа ие — 10 сотық жер, оның құны 13 млн теңге тұрады. Ал қала сыртынан жер алушы 400 мыңнан жоғары сумма төлейді.

Көкшетауда болса, 6 сотық жердің орташа бағасы 9,7 млн теңге. 10 сотықтың орташа бағасы 15 млн теңге шамасында. Ал қала маңындағы жерлер 2,5-4 млн теңге арасында сатылады.

Қызылордалықтар 6 сотық жерді 10 млн теңгеден сатып алып жүр. Ал 10 сотық жер алу үшін қалтаңда 12-13 млн теңгең болуы керек. Қала сыртындағы жерлер 400 мың шамасында бағаланады.

Қостанайда да 6 сотық жердің бағасы осыған ұқсас — 10 млн теңге. Ал 10 сотық жер әлдеқайда қымбат — 22 млн теңге.

Қарағандыда 6 сотық жер шамамен 12 млн теңге тұрады. Коммуникация тартылған-тартылмағанына байланысты саяжайлардағы дәл осы аумақтағы жер 500 мың мен 1,2 млн теңге арасында сатылады. Қала аумағында 10 сотық жер 28 млн, ал қала сыртында 1,5 млн теңге тұрады.

Атырауда 6 сотық жер 12 млн теңгеге бағаланады. 10 сотық болса, 16,5 млн теңгеден сатылуда. Қала маңындағы жер болса, 800 мың мен 5 млн теңге арасында саудаланады.

Таразда 6 сотық жердің бағасы 12-13 млн теңге болады. Ал саяжайларда және қала маңында 2-3,5 млн арасында бағаланады. 10 сотық жер болса, орташа алғанда 18-20 млн тұрады. Қала маңындағы жерлердің бағасы 2,5 млн теңгеден басталады.

Оралда ештеңе салынбаған таза 6 сотық жер 15,4 млн теңге тұрады. Ал қала сыртындағы және саяжайлардағы жердің бағасы 1,1 млн теңгеден басталады. 10 сотық жерге келер болсақ, оның бағасы орташа есеппен 35 млн теңге болады, ал қала маңында — 1,5 млн теңге.

Ақтауда жеке тұрғын үй құрылысына арналған 6 сотық жердің орташа бағасы 18 млн, 10 сотық жердің бағасы 25 млн теңге шамасында. Ал қала сыртындағы жерлер қаладан қаншалықты алыстығына және теңіз жағалауына жақындығына байланысты 1,5-6 млн теңге арасында сатылады.

Мегаполистердегі жер бағасы

Тұрғындарының саны бір миллионнан асатын еліміздегі үш қалада баға басқа өңірлерге қарағанда жоғары.

Шымкентте 6 сотық жер алу үшін 18-20 млн теңге шығындайсың. 10 сотық алу үшін тіпті 25-27 млн теңгең болуы шарт. Қала сыртында 10 сотық жер 2 млн теңгеден басталады.

Астанада 6 сотық жердің орташа бағасы 33 млн теңге, дейтұрғанмен кейбір 6 сотық жерлер 90 млн-ға сатылып тұр. Қала сыртындағы баға 1,2 млн теңгеден 10 млн-ға дейін құбылады. Ал 10 сотық жер орташа есеппен 46-48 млн теңге тұрады, алайда 110 млн теңгелік жер учаскелерінің де жарнамасын кезіктіруге болады. Ал қала маңындағы жерлердің бағасы 2 млн теңгеден басталады.

Алматыда 56 млн теңгең болмаса, 6 сотық жер сатып ала алмайсың. Қала маңындағы жерлер 2,5 млн теңгеден басталады. Қала ішінде 10 сотық жер 90 млн теңге шамасында тұрады. Қала маңындағы жерлер болса (тау етегі және жекелеген аудандар) 3,5 млн теңгеден бастап сатылады.

Облыстарда ауыл шаруашылығы жерлерінің бағасы қаншадан?

Өңірлердегі шаруа қожалықтары жерлері бағасының қалыптасуына оның аумағы, жайылымының бар-жоғы секілді критерийлер әсер етеді.

ауыл шаруашылық жерлері
Инфографика: Kazinform

 

Солтүстік Қазақстан облысында сатылымдағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің аумағы 13-506 гектар арасында және бағалары 1 млн-нан 30 млн-ға дейін жетеді. Мәселен, 71 га жер 5,7 млн теңгеден сатылып тұр.

Ақмола облысында сатылымдағы жерлердің аумағы 1 гектар мен 11,8 мың гектар арасында. Бағасы 1 млн-нан 875 млн теңгеге дейін барады. Жарнамалардың көбінде 10 гектарға дейінгі аумақтағы жердің сатылатыны, бағасы 20-22 млн теңге екені жазылған.

Ұлытау облысында сатылатын ауыл шаруашылығы жерлерінің аумағы 318 гектардан 5000 гектар арасында құбылады. Олардың бағасы 1 млн теңгеден басталып, 20 млн теңгеге жетеді. Мәселен, 318 гектар жер 4,5 млн теңгеге, 5000 гектар жайылым 1 млн теңгеге сатылып тұр.

Ақтөбе облысында 1,5 гектардан 30 мың гектар аралығында жерлер сатылуда. Бағасы 3-350 млн теңге арасында өзгереді.

Атырау облысында ауыл шаруашылығы жерлерінің аумағы 1,6 гектардан 1,2 мың гектарға дейін өседі. Бағасы — 1,6-450 млн теңге арасында.

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы жерлерінде таңдау көп. Мұнда аумағы 1 гектардан 1,5 мың гектарға дейінгі жерлерді 1,9 млн-нан 230 млн-ға дейінгі аралықта алуға болады. Көп жағдайда жердің құны оның орналасуына байланысты белгіленеді.

Тау бөктерінен 230 млн теңгеге 100 гектар жер сатып алуға болады немесе 2-5 млн теңге арасында 1-20 гектар аумағында шағын жер учаскелері сатылады.

Павлодар облысында 1 гектардан 3775 гектарға дейінгі аумақтағы жерлер 1-50 млн теңге арасында сатылады. Мысалы, 152 гектар жер учаскесі 15 млн-ға, Баянауылда тау бөктеріндегі 1600 гектар жер 25 млн-ға саудаланып тұр.

1,3 гектардан 1,5 мың гектарға дейінгі жер учаскелері Шығыс Қазақстан облысында 1-200 млн теңге арасында бағаланады. Көп жағдайда бір гектардың бағасы 1 млн теңге шамасында кездеседі. Мысалы, Катонқарағайда 98 гектар жер 98 млн-ға сатылып тұр.

Маңғыстау облысында 1 гектардан 123 мың гектарға дейінгі жерлердің жарнамасын кезіктіруге болады. Қымбаттары Каспийдің жағалауында орналасқан. Бағалары 1,2 млн мен 50 млн теңге арасында өзгереді.

Қызылорда облысында 5 гектардан 1000 гектарға дейінгі жерлерді 1,2-80 млн теңге арасында сатып алуға болады. Мәселен, су қоймасына және саяжайға жақын жердегі 20 гектар жерді сатушы 80 млн теңге сұрап тұр. Ал бақшаға қолайлы топырағы құнарлы 29 гектар жер 47 млн теңгеден тұр.

Жамбыл облысында 3 гектардан 1,3 мың гектарға дейінгі аумақтағы жерлердің бағасы 1,8-264 млн теңге арасында сатылып жатыр.

Егіншілікке де, мал өсіруге де климаты қолайлы Қостанай облысында 8 гектардан 10 мың гектарға дейінгі жерлер сатылымға шығарылған. Бағасы 900 мыңнан 55 млн-ға дейінгі аралықта. Мәселен, Арқалық маңында аумағы 10 мың гектар 50 млн теңге деп тұр.

Батыс Қазақстан облысында 1 гектардан 1,4 мың гектарға дейінгі аумақтағы жерлерді сатып алуға болады. Бағасы 1,5-120 млн теңге арасында.

Абай облысында 5 гектардан 1,3 мың гектарға дейінгі аралықта жерлер сатылуда. Құны 3 млн-нан 60 млн-ға дейін өседі. Мәселен, 50 гектар жер 34 млн теңгеге бағаланған, ал аумағы 1,3 мың гектар жер 22 млн деп тұр.

Алматы облысында баға басқа өңірлерге қарағанда жоғары: 1 гектардан 10 мың гектарға дейінгі аралықтағы жерлердің бағасы 400 мыңнан 7,8 млрд-қа дейін шарықтайды.

Қарағанды облысында 2 гектардан 7,5 мың гектарға дейінгі жер телімдері 3-200 млн теңге арасында сатылуда. Өңірдегі ең құны жоғары жарнаманы алсақ, 7,5 мың гектар жайылым 200 млн теңгеге бағаланатыны жазылған.

Жетісу облысында саудаға қойылған 2 гектардан 2 мың гектарға дейінгі аумақтағы жер телімдерін кезіктіруге болады. Бағасы 1,2 млн-нан 950 млн-ға дейінгі аралықта. Ең қымбат ұсынысты алсақ, шекараның және құрғақ порттың жанында орналасқан 50 гектар жер 950 млн теңгеге сатылып тұр.

Соңғы жаңалықтар