Қазақстанда жер қойнауын пайдалану құқығын ұсыну жеңілдетіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Жер қойнауы мен жер қойнауын падалану туралы» ҚР Кодексі тұжырымдамасының жобасында жер қойнауын пайдалану құқығын ұсынуды жеңілдету бойынша норма қарастырылды.

Қазақстанда жер қойнауын пайдалану құқығын ұсыну жеңілдетіледі

Бұл туралы бүгін Астанада аталған Кодекс тұжырымдамасының жобасын талқылауға арналған «дөңгелек үстелде» ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау мәлім етті.

«Тұжырымдама қандай мақсатты көздеп отыр?» деген мәселеге тоқталатын болсақ, онда жер қойнауын пайдалану құқығын ұсыну қалай жеңілдейтіні көрсетіледі, сондай-ақ инвестицияларды тарту үшін жағдай жасау, яғни бәрінен бұрын кен орнын геологиялық зерттеу, барлау және пайдалы қазбаларды өндіруде жағдай жасау мәселелері атап көрсетіледі»,-деді А. Рау.

Осыған байланысты тау-кен саласында жер қойнауын пайдалануды реттеуді австралиялық әдіс бойынша жетілдіру ұсынылады.

«Биыл біз оны қанатқақты нұсқада бастамақпыз. Кодексте жер қойнауын пайдалануды барлау құқығы үш күннің ішінде ұсынылады»,-деді вице-министр.

Бұл тұрғыда ауқымды ұйымдастыру-техникалық жұмыстар ескерілгеніне тоқталған ол, «осы орайда интерактивті карта арқылы ашық қолжетімділікті ұсыну қамтылған. Оны құру керек, яғни барша кестені интерактивті режімде орналастыру қажет. Шын мәнінде бұл елеулі жұмысты қажет етеді, бірақ ол өзін-өзі ақтайды. Себебі, жер қойнауын пайдаланушы еркін режімде жалға алу ұстанымы бойынша учаскелерді барлауға алу мүмкіндігіне ие болады», - деді.

А. Раудың айтуынша, тағы бір мәселе геологиялық ақпаратты құпиясыз етуге қатысты. «Көп жылдан беру алаңдатып келген екінші мәселе ол құпиясыз етуге байланысты. Бүгінде қорларда 132 мың есептер қамтылған, оның ішінде 34 мың есеп құпияланған», - деді министрдің орынбасары.