Қазақстанда жергілікті жерлерде мемлекеттік ветеринарлық қызмет қалпына келтіріледі - ҚР АШМ

АСТАНА. 6 мамыр. ҚазАқпарат - Республиканың аудан орталықтарында және ауылдық елді мекендерде дәрігер-лицензиаттардың орнына мемлекеттік мал дәрігерлерінің штаттық бірліктері қалпына келтіріледі. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева мәлім етті, деп хабарлады Primeminister.kz.
None
None

«Бірнеше жыл бұрын ветеринарлық қызметті бәсекеге қабілетті ортаға беру туралы шешім қабылданып, дәрігер-лицензиаттар пайда болды. Талдау жүргізіліп, оның қате екенін түсіндік - шағын бизнес аурулардың таралуына жауапкершілікті өз мойнына ала алмайды. Бүгінгі таңда ветеринариядағы ең жақсы кеңестік тәжірибені еске түсіріп, орындарда ветеринарлық қызметті қалпына келтіру туралы шешім қабылдадық», - деді Г.Исаева.

Вице-министр түсіндіргендей, аудан орталықтарында бүгін коммуналдық мемлекеттік ветеринарлық кәсіпорындар құрылған, оларға 196 аудандық ветстанция және 2 мыңнан астам ветпункт тиесілі.


«Әр елді мекенде мемлекеттік мал дәрігері болады, ол мемлекеттен жалақы алып отырады. Вакцинацияны, мал басы санын есепке алуды да, сынама іріктеуді де өзі жүргізіп, бекітілген талаптар мен стандарттарға сәйкес қызметтердің барлық түрлерін орындайды. Мемлекет өз алдына оны ұстауға қаражат бөледі, арнайы жабдықталған автокөлік, биркаларды сканерлеуге арналған аппараттар, принтерлер, жабдық, медициналық препараттар, жеке ғимарат ұсынады», - деп түсіндірді ведомство басшысының орынбасары.

Соңғы жылдары ауылдық жерлерде конкурстық негізде жеке мал дәрігерлерін тарту іс-тәжірибесі өзін мүлде ақтаған жоқ, өзінің зияндылығын көрсетті - малдың эпизоотиялық саулығы көрсеткіші нашарлады, шалғайдағы ауылдардың көбісі ветеринарлық іс-шаралармен қамтылған жоқ, бөлінген қаражат бақылаусыз жұмсалды, деп ақталды Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі.

Г.Исаеваның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстан ХЭБ-мен (Халықаралық эпизоотиялық бюро) өзара қатынасы белсендіріліп, оның әдістемесі, құжаттамасы, жұмыс сызбасы негізге алынған. Бұл әсіресе ДСҰ-на кіру алдында өзекті мәселе, онда бізге дүниежүзілік қауымдастыққа ықпалдасуға, заңнама мен стандарттарды, оның ішінде ветеринарияны да сәйкестендіруге тура келеді.

«Егер ертеңгі күні ауыл шаруашылық өнімдерін шетелдік нарықтарға экспорттайтын болсақ, онда бізді ветеринария бойынша қатаң талаптар күтіп тұр, бұл қызметті ертерек реформаласақ, халықаралық ұйымдардың толыққанды қатысушысы болуға және өткізудің сыртқы нарықтарында әлеуетті серіктестермен тең диалог жүргізуге мүмкіндігіміз артады», - деп есептейді АШМ басшысының орынбасары.

Соңғы жаңалықтар