Қазақстанда жергілікті жолдардағы заңбұзушылықтардың 90%-ға жуығы әлі жойылмаған
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Жыл басынан бері жергілікті жол желісінен алынған жол-құрылыс материалдарының 15 мыңнан астам сынамасы зертханалық тексеруден өтті. Зерттеу барысында олардың 32%-ы белгіленген талаптарға сәйкес келмеген. Сонымен қатар жыл басынан бері анықталған технологиялық бұзушылықтар мен ақаулардың 90%-ға жуығы әлі жойылмаған.
2026 жылдың басынан бері Жол активтері сапасының ұлттық орталығы жергілікті жол желісінде қолданылатын жол материалдарының 15 мыңнан астам сынамасын зерттеді. Зертханалық сынақ нәтижесінде сынамалардың 32%-ы белгіленген талаптарға сай келмейтіні анықталды.
Бұл туралы Астанада ҚР Көлік министрлігінің жанынан ұйымдастырылған «Сапалы жолдар: жоспарлаудан пайдалануға дейін» атты семинар-кеңесте айтылды. Жиынға өңірлер мен Жол активтері сапасының ұлттық орталығы филиалдарының өкілдері қатысты.
Жол активтері сапасы орталығының мәліметінше, зертханалық бақылау жолдың сапасына кері әсер ететін мәселелерді олар күрделеніп кетпей тұрып анықтауға мүмкіндік береді.
— Зерттеу нәтижелері жергілікті жолдардың сапасына қатысты мәселе жол материалдарын пайдалану кезеңінің өзінде өзекті екенін көрсетіп отыр. Зертханалық сынақтар талапқа сәйкессіздіктерді дер кезінде анықтап, олардың жол нысанының сапасы мен қызмет ету мерзіміне әсер етуіне жол бермей, қажетті шараларды уақытылы қабылдауға мүмкіндік береді, — деп хабарлады Жол активтері сапасының ұлттық орталығы.
Алайда бұзушылықты анықтау — мәселені шешудің алғашқы қадамы ғана. Жыл басынан бері жергілікті жол желісінде 1 997 технологиялық бұзушылық пен ақау тіркелген. Оның 214-і жойылғанымен, 1 783 бұзушылық немесе 90%-ға жуығы әлі түзетілмеген.
Сонымен қатар 2024-2026 жылдары жергілікті атқарушы органдар 1 127 жол нысанын қабылдаған. Кейін жүргізілген тексерулер барысында бұл нысандардың бірқатарынан белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін жағдайлар анықталған.
Семинар барысында өңір өкілдері мен Орталық мамандары нақты проблемалық нысандарды, зертханалық зерттеулердің қорытындыларын және ақаулардың уақтылы жойылмау себептерін талқылап жатыр. Техникалық қадағалау қызметі, мердігер ұйымдар, жергілікті тапсырыс берушілер мен Орталық мамандары арасындағы өзара іс-қимыл мәселесіне де ерекше назар аударылды.
Қатысушылар көтерген тағы бір өзекті мәселе — қолданыстағы нормативтік база. Қолданыстағы талаптарды қайта қарап, нормативтік құжаттарға кешенді ревизия жүргізу қажеттігі айтылды. Бұған жекелеген нормативтік құжаттар арасындағы сәйкессіздіктер себеп болып отыр.
Орталық мамандарының пікірінше, жол инфрақұрылымының сапасын жекелеген тексерулердің нәтижесімен ғана бағалау жеткіліксіз. Жол нысанының жобалануынан бастап құрылысы, жөнделуі және пайдаланылуына дейінгі барлық кезеңде бірыңғай талап пен жүйелі тәсіл болуы қажет. Анықталған әрбір сәйкессіздік тек тексеру қорытындысында тіркеліп қоймай, белгіленген мерзімде міндетті түрде жойылуы тиіс.
Жиын қорытындысы бойынша жергілікті жол желісінің сапасын арттыруға бағытталған нақты шаралар әзірленіп, анықталған бұзушылықтарды жоюға жауапты тұлғалар мен нақты мерзімдер белгіленеді. Сондай-ақ нормативтік базаны өзектендіруге қатысты ұсыныстар әзірленеді.
Бұдан бөлек, жергілікті жол желісін дамытуға арналған үш жылдық іс-шаралар жоспарын әзірлеу және өңірлік әрі республикалық деңгейде шешуді қажет ететін мәселелерді айқындау жоспарланып отыр.
Бұған дейін прокурорлық қадағалау шаралары нәтижесінде республикалық автожолдарды жөндеуге бөлінген 9,8 млрд теңгенің тиімсіз жұмсалуына жол берілмегенін хабарлаған болатынбыз.