Қазақстанда жетім балаларды туыстарының асырап алуына жеңілдіктер беру қажет

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жетім балаларды туыстарының асырап алуына жеңілдетілген режім енгізу қажет. Бұл туралы ҚР Бас прокуроры Асхат Дауылбаев мәлім етті.

Қазақстанда жетім балаларды туыстарының асырап алуына жеңілдіктер беру қажет

«Ұлттық салт-дәстүрді ескере отырып, баланы жақын туыстарының асырап алуына жеңілдетілген режім енгізу қажет. Бұл бірқатар проблеманы шешуге мүмкіндік береді, әсіресе дәстүрлі қағидалар күшті ел өңірлерінде барынша өзекті», - деді Бас прокурор.

А.Дауылбаевтың пайымынша, бала асырап алу процедураларын жеңілдету асырап алушы отбасындағы оның тәлім-тәрбиесіне әрі өмір сүру жағдайына бақылау жүргізуді күшейтуді қажет етеді.

«Осыған орай есеп беру туралы заң талаптарын орындамағаны үшін асырап алушының асыранды балаға қатысты ата-аналық құқығын айыруға дейінгі жауапкершілігін енгізу мүмкіншілігін қарау ұсынылады», - деді ол.