Қазақстанда жетімдер үйі жүйесі өзінің тиімділігін көрсетіп отырған жоқ - М.Бақтиярұлы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жетімдер үйі жүйесі өзінің тиімділігін көрсетіп отырған жоқ. Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында сенатор Мұрат Бақтиярұлы осылай мәлімдеді.

«Қазіргі таңда елімізде 146 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемелер бар. Олардағы әрбір тәрбиеленуші балаға мемлекет тарапынан жылына 1 млн. 700 мың теңге қаржы бөлінеді. Осындай қомақты қаражатқа қарамастан балалар үйіндегі келеңсіз жағдайлар осы кезге дейін орын алып келеді. Мысалы, ЮНИСЕФ қорының зерттеуі бойынша еліміздегі балалар үйінің тәрбиеленушілерінің жартысынан астамы жүйелі түрде зомбылық көреді. Бас прокуратураның мәліметі бойынша соңғы екі жыл ішінде балалар үйінен 457 бала асырап алу кезегінде тұрмаған ата-аналарға заңсыз берілген. Шет ел азаматтарына бала беру үшін жалған құжат жасау фактілері де орын алған», - дейді сенатор М. Бақтиярұлы.

Оның сөзіне қарағанда, зерттеулер балалар үйінен шыққан түлектердің 30 пайызы ғана өмірде өз орнын таба алады. Қалғандарының басым бөлігі құқық бұзушылыққа көбірек ұрынады. «Демек еліміздегі жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үйі жүйесі өзінің тиімділігін көрсетіп отырған жоқ», - деді сенатор.

Сонымен қатар, ол шетелдіктер Қазақстаннан не үшін бала сатып алады, деген мәселеге де назар бұрды.

«Біріншіден, оларға баланы асырап алу үшін оның ата-анасы маскүнем болса да тастанды баланы асырауға құқы бар. Екіншіден, бала асырап алушыға салық мемлекет тарапынан барынша жеңілдетілген. 1999 жылдан бері аурушаң, әлжуаз баланы шетелдіктер асырап алады деген желеумен 9 мың қазақстандық сәбилер әлемнің 320 еліне таратылып кетті. Осы тұл жетімдердің 50 пайызға жуығы қаракөз қазақ балалары. Олардың бойында қазақтың қаны, ар-ожданы кетті. Олардың 500-ден астамын АҚШ-тағы жалғызбасты еркектер мен әйелдер асырап алған», - деді М. Бақтиярұлы.

Оның айтуынша, әлемдік тәжірибеде шетелдіктердің бала асырап алуына қатысты жағдай әртүрлі жолдармен реттеледі. Мәселен, Литва мен Латвия үкіметі өз балаларын тек сол мемлекеттерден қоныс аударған шетелдіктерге ғана бере алады. «Ал Израиль мен Армения шетелге баланы тек өз ұлтының өкілдеріне ғана асырап алуға береді. Біздегі жетімдер үйі - бұл кешегі кеңестік қоғамның салдарынан қалған сарқыншақ. Қазір әлемнің көптеген елдерінде - Англия, Израиль, АҚШ, Канадада балалар үйі мүлдем жоқ. Қазақстанға да осындай деңгейде жағдай жасалуы керек», - деді сенатор.

«Ресми емес деректер бойынша елімізде баласы жоқ отбасылар саны 100 мыңның үстінде. Олардың көпшілігі балалар үйінен бала асырап алғысы келеді, алайда осы бағытта толық жатқан табалдырық тоздыратын жағдайлар оларға кедергі болып отыр», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар
telegram