14:28, 19 Қаңтар 2018 | GMT +5
Қазақстанда жетімге қамқорлық жасағандар салықтан босатылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде қолданысқа енгізілген жаңа салық кодексі жетім балаларды асырап алған ата-аналарды табыс салығынан босатады. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Жетім балаларды асырап алғандар жылдық табысының мөлшеріне қарай табыс салығынан босатылады», - дейді Руслан Дәленов.
Жалпы жетім балаларды асырап алғандардың табысы жылына 2,1 миллион теңге шегінде болса, олар салықтан төлеуден босатылады.
ҚР Ұлттық экономика вице-министрі өз сөзінде асырап алынған бала 16 жасқа толғанға дейін ата-анасы осы жеңілдікке ие болатынын атап өтті.
Сонымен қатар, жаңа салық кодексінде мүгедек болып қалған ата-ананың біріне жер салығы, тіркеу алымы, мемлекеттік баж бойынша жеңілдік қарастырылған.
Руслан Дәленовтың айтуынша, Қазақстанда 76 мыңға жуық азаматқа осы бағыт бойынша жеңілдік беру көзделіп отыр.