Қазақстанда жоғары сұранысқа ие дәрі-дәрмектер шығарылуда - Ерхат Есқалиев

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандағы өндірушілер сұранысы жоғары дәрі-дәрмекті шығара бастады. Бұл туралы «СҚ-Фармация» ЖШС-ның басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанда жоғары сұранысқа ие дәрі-дәрмектер шығарылуда - Ерхат Есқалиев

«Пандемияны ескере отырып, өз өндірісін максималды қуатқа және үш ауысымды жұмыс форматына бұрған біздің отандық тауар өндірушілерге алғысымды білдіргім келеді. Өндірушілердің дәрі-дәрмектері тікелей конвейерден ауруханаларға жөнелтіледі. Өндіріс аса сұранысқа ие препараттарға қайта форматталды. КВИ-ді емдеу үшін пайдаланылатын препараттардың 43 атауын (жартысын) отандық тауар өндірушілер шығарады», – деді Е. Есқалиев Орталық коммуникациялар қызметінде.

Осы орайда ол ҚР Үкіметі фармацевтикалық өнеркәсіпті дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарын қабылдағанын, бұл тұрғыда елдің дәрі-дәрмек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Отандық өндірісті дамыту үшін ынталандыру бағытында ТОП-50 БигФарманың ірі әлемдік фармацевтика индустриясымен, яғниPfizer, Bayer, Sanofi сияқты алыптармен өзара іс-қимылды дамыту ескерілген. R&D орталықтары үлгісіндегі ірі медициналық жоғары оқу орындарының ғылыми зертханаларын тарту, отандық ғылыми-зерттеу институттарын, сондай-ақ оларды еркін экономикалық және индустриялық аймақтарда өрістету қарастырылған», - деді «СҚ-Фармация» басшысы.