Қазақстанда жол апатынан болатын адам шығыны еуропалық деңгейден 2-2,5 есе көп ? Халықаралық жол федерациясының бас директоры
АСТАНА. Наурыздың 12-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Қазақстанда жол апатынан болатын адам шығыны еуропалық деңгейден 2-2,5 есе көп.
Бүгін елордада өтіп жатқан ІІ Астаналық Экономикалық форум жұмысы барысында журналистерге берген сұхбатында Халықаралық жол федерациясының құрметті Бас директоры Энтони Пирс осылай мәлім етті. Естеріңізге сала кетейік, форумның екінші күнінде жиынға қатысушылар «Мемлекеттік-жеке сектор әріптестігін дамыту» мәселелерін де талқылаған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстанда инфрақұрылымды дамыту мақсатындағы инвестицияларды жол саласына бұру өте құптайтын жайт. Әсіресе, бұл дағдарыс кезеңінде тиімділігін танытады. Ал нақты жағдайға келетін болсақ, Қазақстанда жол сапасының нашарлығынан жарақат алушылар деңгейі жоғары. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша бір млн. тұрғынға шаққанда 200 адам автоапаттардан көз жұмған. Бұл еуропалық деңгейден 2-2,5 есе көп көрсеткіш. Ал Еуропа мемлекеттері үшін бір адамды жоғалту мемлекеттің млн. еуроны шығындауымен бірдей есептеледі. Өйткені жол апатынан көбінесе еңбекке қабілетті, экономикалық белсенді, мемлекет үшін әлі де 30-40 жыл жұмыс істей алатын жастағы азаматтар көз жұмады», деді Э. Пирс.
Сонымен бірге, Қазақстандағы ауқымды жобаларға тоқталған Э. Пирс, мемлекет пен жеке сектор әріптестігін дамыту мақсатындағы автожолдар құрылысына мемлекеттік қолдаудың тиімділігі жоғары болатынын атап өтті. Оның айтуынша, бұндай жобалар бүгінгі күні жұмыспен қамту мәселесін шешсе, болашақта жол қауіпсіздігін арттырып, адам әлеуетінде басты рөл ойнайды.