Қазақстанда жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағдарламасы әзірленеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағдарламасы әзірленеді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Біржан Қанешев айтты.

Қазақстанда жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағдарламасы әзірленеді

«Біз өткен жылы жол қозғалысы қауіпсіздігі ахуалына сараптама жасадық. Кеше министрлік басшылығы БҰҰ жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі арнаулы өкілі Тодт мырзамен бірге шешім күтіп тұрған мәселелердің бар екендігін Үкіметке баян етті. Оны шешу бізде орын алып отырған ахуалды айтарлықтай өзгертеді. Бізге жыл соңына дейін салалық бағдарлама жасау тапсырмасы берілді. Оған Ұлттық экономика министрлігінің құзырына жататын жол құрылысы процессінен бастап бірнеше министрліктің жауапкершілігіне кіретін барлық компоненттер кіреді. Ішкі істер министрлігі жол процессін үйлестіруді қамтамасыз етеді және сәйкесінше құрылыс және жол қозғалысын ұйымдастыру біздің министрлікке қарайды», - деді комитет басшысы.

Б.Қанешевтің айтуынша, әдістер мен талаптар, нормативтік базалар өзгеріске ұшырайды. Бұл ретте БҰҰ тарапынан жол қозғалысы қауіпсіздігі саласындағы нормативтерді, стандарттар мен талаптарды жетілдіруге айтарлықтай көмек көрсетуге бағытталады.

Айта кетерлігі, брифингке БҰҰ  жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі арнаулы уәкіл Жан Тодт, Еуропалық экономикалық комиссияның ішкі көлік комитетінің өкілі Эдуардо Джанотти, ҚР Автомотоспорт федерациясының президенті Марат Әбіқаев қатысты.