Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Алғаш рет жолаушы мінген ұшқышсыз әуе көлігі көкке көтерілді

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада EH216-S ұшқышсыз жолаушылар әуе көлігінің алғашқы демонстрациялық ұшуы сәтті өтті. Бұл – Қазақстан тарихында жолаушы мінген ұшқышсыз әуе аппаратының алғашқы демонстрациялық ұшуы, деп хабарлайды Көлік министрлігі.

әуе көлігі
Фото: ҚР Көлік министрлігі

Тік ұшып-қонып, электр қуатымен қозғалатын (eVTOL) сериялық әуе аппараты «Future Games 2026» халықаралық турнирі аясында елордадағы арнайы рұқсат етілген аумақта сынақ ұшуын орындады.

аэротакси
Фото: ААК

Демонстрациялық ұшу барысында қатысушылар ұшқышсыз әуе жүйелерінің нақты жағдайда қолданылу мүмкіндіктерімен танысты. EH216-S екі жолаушыны тасымалдауға арналған. Оның ең жоғары жылдамдығы сағатына 130 шақырымды, ал ұшу қашықтығы 35 шақырымға дейін жетеді.

аэротакси
Фото: ААК

«Алғашқы кезеңде Қазақстанның табиғи, мәдени және тарихи көрікті жерлері үстімен ұзақтығы 5–30 минут болатын демонстрациялық және туристік бағыттарды іске қосу жоспарланып отыр», – деп хабарлады министрлік.

т
Фото: ААК

Ведомствоның мәліметінше, болашақта мұндай ұшқышсыз жолаушылар әуе жүйелері қолданыстағы көлік түрлерін толықтырып, еліміздің заманауи көлік инфрақұрылымының бір бөлігіне айналады.

аэротакси
Фото: ҚР Көлік министрлігі

Жоба аясында ұшқышсыз әуе жүйелерін шұғыл медициналық көмек көрсетуге, дәрі-дәрмек жеткізуге, өрт сөндіру жұмыстарына, логистикаға және жедел әрекет етуді қажет ететін өзге де салаларда пайдалану көзделіп отыр.

тамашалау
Фото: ААК

Сонымен қатар Қазақстанда жолаушыларға арналған ұшқышсыз әуе жүйелерін кезең-кезеңімен жергілікті жерде өндіру жоспарланған. Бұл жоғары технологиялы машина жасау саласын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге мүмкіндік береді.

«Қазіргі таңда Көлік министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қалалық әуе мобильдігін дамыту үшін қажетті құқықтық және инфрақұрылымдық негізді қалыптастыру жұмыстарын жүргізуде», – делінген хабарламада.

Айта кетейік, Алматыда Ұшқышсыз авиацияны дамыту инновациялық орталығы ашылды.